Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевты қабылдады

0
286

Президентке жергілікті бюджет кірістері 27,2 пайызға артқаны жөнінде мәлімет берілді.


Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевты қабылдады

фото: Пресс-служба президента Казахстана

Қасым-Жомарт Тоқаевқа Алматы қаласының биылғы 9 айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуының алдын ала қорытындысы баяндалды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Ерболат Досаевтың айтуынша, есепті кезеңде қысқамерзімді экономикалық индикатор 104,1 пайызды құрады. 2024 жылы Алматының өңірлік жалпы өнімі 5,5 пайыз деңгейіне жетіп, келесі жылы 6,4 пайызға дейін өседі деп болжанып отыр.
Биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша негізгі капиталға 1 133 миллиард теңге инвестиция тартылып, өсім 8,1 пайызға жеткен. Жыл соңына дейін 2 триллион теңге инвестиция тартылады.
Президентке жергілікті бюджет кірістері 27,2 пайызға артқаны жөнінде мәлімет берілді. Бұл Алматы қаласын 2025 жылға дейінгі дамыту бағдарламасы және 2030 жылға дейінгі орта мерзімді перспективалары аясында басымдық берілген жобаларды қаржыландыру көлемін ұлғайтуға мүмкіндік берді. Жыл басынан бері қала бюджеті 204,5 миллиард теңгеге артып, 1828,5 миллиард теңгені құрады.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, шағын және орта бизнесті өркендетуге ден қоя отырып, экономиканы әртараптандыру жұмыстары жалғасады. Кәсіпкерлік субъектілер саны 6,2 пайызға өсіп, 361,1 мыңға жетті. Жыл қорытындысы бойынша Алматының өңірлік жалпы өнім көрсеткішіндегі шағын және орта кәсіпкерлік үлесі 60 пайызға дейін артады.
Президент тапсырмасын орындау мақсатында қаланың дамуын сапалы қамтамасыз етуге және тиімді бақылауға арналған Қала құрылысы регламенті, Құрылыс жүргізу ережесі және Тұрғын үйді реновациялау бағдарламасының жаңа жобасы әзірленді. Өзгерістер жыл соңына дейін қалалық мәслихаттың сессиясында бекітіледі.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа биыл денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңғыртуға арналған бюджет 2,5 есе өсіп, 26,3 миллиард теңгеге жеткені туралы есеп берілді. Тамыз айында еліміздегі алғашқы Ерте араласу орталығы ашылды. Бұл мекеме ведомствоаралық іс-қимылды үйлестіріп, балалар арасындағы мүгедектікті төмендетумен шұғылданады.
Әкімнің айтуынша, басым бағыттың бірі – инженерлік инфрақұрылымды жаңарту. Есепті кезеңде 219 шақырым сумен жабдықтау және су тарту желілері салынып, қолданыстағы 27,3 шақырым желі жаңартылды. Бұдан бөлек, 66 шақырым электрмен жабдықтау желісі реконструкцияланды.
Мемлекет басшысына Алматының жасыл желегін көбейту жөніндегі тапсырмасының орындалу барысы баяндалды. Оған күтім жасау үшін 110 шақырым тамшылатып суару жүйесі орнатылған. Жыл соңына дейін саябақтардың ауданы 996 гектарға дейін кеңейеді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кездесу соңында қала экономикасындағы шағын және орта бизнес үлесін арттыру, транспорт құрылымын дамыту және қоғамдық көліктерді экологиялық талаптарға сәйкестендіру, сондай-ақ инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды сапалы жаңғырту жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді.