Жоғарғы сот ашықтық пен сот төрелігінің қолжетімді болуын жақсарту мақсатында жасанды интеллект элементтерін енгізеді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғарғы сот төрағасы Асламбек Мерғалиевті қабылдады. Мемлекет басшысына сот жүйесінің қазіргі қызметі жөнінде мәлімет берілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ. Ақордаға сілтеме жасап.
Мерғалиев президенттің дербес кассациялық инстанция құру үшін консультациялар өткізу туралы тапсырмасының орындалу барысы туралы баяндады. Заңгерлермен, ғалымдармен, бизнес-қоғамдастық өкілдерімен және парламент палаталарының депутаттарымен бірлесе талқылау жұмыстары жүргізіліп, соның негізінде елордада (қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша) үш кассациялық сот құру моделіне оң баға берілді.
Жоғарғы сот алдын ала қарау институтын жоюды, "толық кассацияны" қолдануды, қаралуы 6 айдан аспайтын "ақылға қонымды мерзім" белгілеуді, сондай-ақ тараптардың міндетті түрде қатысуымен сот процесін жүргізуді ұсынады. Өз кезегінде, жоғары сот органы қадағалау ісіне және сот практикасының бірыңғай болуын қамтамасыз етуге баса мән береді.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаевқа әкімшілік әділеттің жұмысы мен халықаралық ынтымақтастықты дамыту мәселесі жөнінде айтылды. Жоғарғы сот төрағасы цифрландыру және сот қызметінің ашықтығы мен сот төрелігінің қолжетімді болуын жақсарту мақсатында жасанды интеллект элементтерін енгізу жайында айтты.
Мемлекет басшысы сот жүйесінде жүргізіліп жатқан реформалардың сапасына және барлық сатыдағы істерді қарау кезінде заңдылықты қамтамасыз етуге ерекше назар аударды.