Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымына сәйкес, егер арнайы төсек-орындардың 70 проценті толып қалса, қатаң карантин шараларын енгізуге тура келеді.
ERNUR.KZ. Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахмет қатаң карантин енгізудің басты талабын жариялады, деп жазады sputniknews.kz.
"Бұған дейін біз қажет болса, коронавирусқа шалдыққандар үшін 70 мыңнан астам орын ашылуы мүмкін екенін айтқан едік. Соның ішінде 51 мың орын стационарларда, яғни ауруханаларда болады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымына сәйкес, егер осы 51 мың орынның 70 проценті толып қалса, қатаң карантин шараларын енгізуге тура келеді", - деді Қожахмет орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.
Оның айтуынша, қатаң карантиндік шаралардың барлығы бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысында көрсетілген.
"Дегенмен, оған дейін бармайды деп сенеміз. Қазіргі жағдай тұрақты, науқастар мен құрбандардың саны күн сайын төмендеп келеді. Бұл дегеніміз, санитарлық нормалар жақсы сақталып жатыр. Әрине, барлығы өзімізге, қоғамдық тәртіпке байланысты болады", - деп атап өтті Қожахмет.
Айта кетейік, бүгінде республика бойынша коронавирусқа шалдыққандардың жалпы саны 107 590 адамға жетті. Олардың ішінде 102 360 науқас жазылып шыққан. 3 515-і емделіп жатыр. 1 699 науқас осы індет салдарынан қайтыс болды.
Бұдан бөлек, 1 тамыздан бастап елімізде коронавирустың белгілері бар пневмонияның статистикасы бөлек жүргізіледі. Осы уақытқа дейін 31 991 адам пневмонияға шалдықты, 347 науқас қайтыс болды.
Соңғы бір тәуліктің ішінде COVID-19 бен пневмониядан бес адам көз жұмды.