Байқауға 11 жастан 15 жас аралығындағы «Мен өз өңірімде нені өзгерткім келеді» немесе «Өз өлкемді не үшін жақсы көремін» тақырыбында видеоүндеу, шығарма немесе өлең шумақтарын жазған балалар қатыса алады.
Қазақстанда балаларға арналған республикалық байқау басталды, оның жеңімпаздары пойызбен еліміздің тарихи және туристік жерлерін тегін аралайтын экскурсиялық турға аттанады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
«Туған елге саяхат» балалар экскурсиялық пойыз» жобасы «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының атынан «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорымен жүзеге асырылады.
Байқау «Туған Елге Саяхат» балалар экскурсиялық пойызы» жобасына дарынды балаларды іріктеуге арналған. Жұмыстары мазмұндылығы, бірегейлігі және шығармашылық көзқарасымен ерекшеленген қатысушылар Қазақстан бойынша экскурсиялық турға жолдама алады.
Байқау 2019 жылдың 15 сәуір және 17 мамыр аралығында өтеді. Шығармашылық жұмыстар poezd2019@list.ru электрондық поштасы арқылы қабылданады. Үміткерлер байқауға тек бір ғана жұмыс жолдай алады. Нәтижелерді қорытындылау мен жеңімпаздарды анықтау 2019 жылдың 17-25 мамыр аралығында өтеді.
«Туған елге саяхат» балалар экскурсиялық пойыз» жобасы балалардың жан-жақты дамуына, қоршаған әлемге қызығушылығын арттыруға, елдің тарихи және сәулет ескерткіштерімен танысып, патриотизмді нығайтуға бағытталған. Жоба шеңберінде балалар еліміз бойынша тегін экскурсиялық турға аттанып, Қазақстанның танымдық және тарихи ескерткіштері орналасқан өңірлерін аралайды. Пойыз Нұр-Сұлтан – Байқоңыр – Тараз – Алматы – Балхаш – Нұр-Сұлтан бағыты бойынша жүреді.
Бұдан басқа, оқушылармен барлық тур бойы тәрбиешілер мен педагогтар жұмыс жасайды, балаларға арнайы қызығушылықтары бойынша түрлі интеллектуалды үйірмелер, ағылшын тілі курстары, спорттық ойындар және т.б. қарастырылған.
«Алғашқы сапар 1 маусымға жоспарланып отыр. Жалпы 600 баланы қамтитын осындай 3 тур ұйымдастырылады. Олардың ішінде «Самұрық-Қазына» АҚ өндірістік кәсіпорындары мен зауыт жұмысшыларының шалғай өңірлерде, көпбалалы отбасында, аз қамтылған немесе толық емес отбасында тәрбиленіп жатқан, оқу үлгерімі жақсы 500 бала, байқау негізінде Қазақстан бойынша 50 бала және «Отандастар қоры» КеАҚ-мен ынтымақтастық негізінде басқа елдерден келген қазақ диаспорасының өкілдерінен 50 бала қамтылады. Экскурсиялық турға қатысатын балалардың саны жыл санап өсіп келе жатқанын ерекше атап өткен жөн. Мысалы, 2016 жылы Қазақстан бойынша турға 120 бала, 2017 жылы 400 бала және 2018 жылы 600 бала қатысты», - деп атап өтті «Samruk-Kazyna Trust» қоры корпоративтік коммуникациялар департаментінің директоры Іргебаев Мирас.
Қосымша ақпарат алу үшін келесі байланыс нөміріне хабарласуға болады: +7 701 222 39 90, E-mail: nurzhainat.akhmetova@gmail.com.