Қазақстан мен Ресей шекарасындағы қақтығыс туралы жалған видеоның авторы ұсталды

0
703

Бұған дейін әлеуметтік желілерде Қазақстан мен Ресей шекарасындағы әскери техникаларды түсіріп, екі ел арасындағы әскери қақтығыс туралы айтылған ақпарат тараған болатын.


Қазақстан мен Ресей шекарасындағы қақтығыс туралы жалған видеоның авторы ұсталды

ERNUR.KZ. Полиция Қостанай облысының шекарасындағы қақтығыс туралы жалған бейненің авторын ұстады, деп жазады sputnik.kz.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде Қазақстан мен Ресей шекарасындағы әскери техникаларды түсіріп, екі ел арасындағы әскери қақтығыс туралы айтылған ақпарат тараған болатын. Ал Қазақстанның ІІМ бұл ақпаратты жоққа шығарып, шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.
"Әлеуметтік желілерде тараған Қостанай облысындағы шекарадағы арандатушылық туралы ақпарат шындыққа жанаспайды, бұл жалған ақпарат. Бейнежазбада биыл 8 қыркүйекте Қостанай қаласының шегінде өткен жоспарлы далалық сабақтарға жіберілетін ҚР ІІМ Ұлттық ұланы автокөлігінің колоннасы көрсетілген", - делінген ІІМ баспасөз қызметінің хабарламасында.
Полиция жалған бейне авторының кім екенін анықтап, оны ұстады. Ол Қостанай қаласының 52 жастағы тұрғыны болып шықты. Бейнежазба авторы өзінің кінәсін мойындады. Іс жүзінде ҚР ҚК 274-бабының 2-бөлігінің 3-тармағы "Бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникация желілерін пайдалана отырып, көрінеу жалған ақпарат тарату" бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Сондай-ақ ведомство жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын айтты. Азаматтарға қандай да бір мәліметтерді таратпас бұрын дұрыс немесе бұрыстығын анықтап алуды ескертті.