Жобаның мақсаты – педагогтардың мәртебесін көтеру, оларды қолдау, сондай-ақ отандық мұғалімдерімізді әлем деңгейіне шығару.
ERNUR.KZ. ОКҚ алаңында өткен брифингте «Қоғамдық маңызы бар бастамаларды дамыту қоры» ЖҚ төрағасы Ермек Мәжитов «Әлем мұғалімі» жаһандық сыйлығы аясында «Қазақстан мұғалімі» ұлттық сыйлығын іске асыру барысы туралы айтып берді, деп жазады baq.kz.
«Әлем мұғалімі» жаһандық жобасы – мұғалімдерге берілетін Нобель сыйлығына балама сыйлықтың түрі. Оның жүлде қоры 1 млн АҚШ долларын құрайды. 2019 жылы «Қоғамдық маңызы бар бастамаларды дамыту қорының» құрылтайшысы Әлия Назарбаеваның бастамасы бойынша «Әлем мұғалімі» сыйлығын ұйымдастырушыларымен меморандумға қол қойылды. Нәтижесінде «Қазақстан мұғалімі» ұлттық жобасын ұйымдастыруға бастама жасалды, - деді ол.
Жобаның мақсаты – педагогтардың мәртебесін көтеру, оларды қолдау, сондай-ақ отандық мұғалімдерімізді әлем деңгейіне шығару.
Біздің мұғалімдеріміз әлемдік сыйлыққа қатысып, әлемде танымал болуға лайық деп есептейміз. Елімізде «Қазақстан мұғалімі» ұлттық сыйлығы үшінші рет ұйымдастырылып отыр, - деп атап өтті Мәжитов.
Сыйлыққа қатысуға өтініштерді қабылдау сәуір айынан бастап, 15 тамызға дейін жалғасады.
Айта кетсек, әр мұғалім бұл жобаға өзі шешім қабылдап қатыса алады. Яғни мектеп әкімшілігінің, Білім басқармасы немесе БҒМ тарапынан ұсыныс қажет етілмейді.