Президент Үндістан премьер-министрін қайта сайлануымен құттықтады.
ERNUR.KZ. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үндістанның Премьер-министрі лаузымына қайта сайланған Нарендра Модиға құттықтау жеделхатын жолдады, деп жазады 24.kz.
Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды.
Мемлекет басшысы жеделхатта Нарендра Модиді Қазақстан халқының және жеке өзінің атынан Үндістан Республикасының Премьер-министрі лауазымына қайта сайлануымен құттықтап, Бхаратья Джаната партиясының басым жеңісі, Үндістан халқының оған деген сенімі мен қолдауын көрсететінін айтқан.
«Сіздің көшбасшылығыңыз бен қабілетіңіздің арқасында Үндістан өзінің әлеуметтік-экономикалық дамуында жаңа жетістіктерге жетіп, халықаралық беделін нығайта түседі деп сенемін. Қазақстан мен Үндістанның достас халықтарының игілігі үшін стратегиялық ынтымақтастығымызды тереңдете беруге дайын екенімізді жеткіземін», - делінген жеделхатта.
Соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Үндістан Премьер-министрінің қызметіне табыс, халқына бейбіт өмір мен береке тіледі.