Қазақстан Президенті Жоғары еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына қатысты

0
1 717

Қасым-Жомарт Тоқаев кеңес қатысушыларына қазіргі жағдайлар мен интеграциялық бірігу үдерісіне сай келетін Қазақстанның екі маңызды бастамасын қарастыруды ұсынды.


Қазақстан Президенті Жоғары еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына қатысты

Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғары еуразиялық экономикалық кеңестің (ЖЕЭК) кезекті отырысына бейнебайланыс режимінде қатысты, деп хабарлайды ERNUR.KZ Ақорда ресми сайтына сілтеме жасап.

Саммитке Қазақстан Президентінен басқа Қырғыз Республикасының Президенті – ЖЕЭК төрағасы Садыр Жапаров, Арменияның Премьер-министрі Никол Пашинян, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Ресей Президенті Владимир Путин, Еуразиялық экономикалық одақ жанындағы бақылаушы мемлекеттердің басшылары: Куба Президенті Мигель Диас-Канель және Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Михаил Мясникович қатысты.

Қазақстан Президенті өз сөзінде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің жаһандық және аймақтық сын-қатерлер жағдайында өзара күш біріктіре отырып, әлеуметтік-экономикалық кедергілерді сәтті еңсеретінін, макроэкономикалық тұрақтылық пен өсім қарқынын қамтамасыз ететінін атап өтті.

– Одақтың жұмысы басталған уақыттан бері Қазақстанның өзара сауда-саттық көрсеткіші 33 пайызға, ал экспорты 55 пайызға артты. Қазақстанда 15 мыңнан астам бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың саны артып келеді. Бұл қуанарлық жайт. Аталған көрсеткіштер біздің интеграциялық ықпалдастығымыздың табыстылығын көрсетеді. Ортақ күш-жігеріміздің алдағы уақытта да азаматтарымыздың игілігі жолындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың қарқынын дамытуға бағытталғаны маңызды деп санаймын. Мұны жаһандық сын-қатерлер алдындағы біздің «ұжымдық иммунитетімізді» нығайтудың кепілі деп білемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің пікірінше, бүгінде байқалып отырған санкциялық қайшылықтар шын мәнінде бұрын-соңды болмаған.

– Биылғы ақпан айында елордада өткен Еуразиялық үкіметаралық кеңес аясында «еуразиялық бестікке» кіретін елдер экономикасының орнықтылығын қамтамасыз ету үшін Жоғары деңгейдегі Жұмыс тобын құруды ұсындым. Жұмыс тобы құрылды. Жедел шаралар топтамасы әзірленіп, жүзеге асырылып жатыр. Нақты нәтижелер де бар. Бірақ күрделі геосаяси ахуалдың әлі де жалғасатынын есте ұстау қажет. Бұған дайын болуымыз керек, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев кеңес қатысушыларына қазіргі жағдайлар мен интеграциялық бірігу үдерісіне сай келетін Қазақстанның екі маңызды бастамасын қарастыруды ұсынды.

– Маңызды жобалар мен нақты нәтижелер керек. Бұл үшін Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің бірлескен жобаларын тезірек аяқтау қажет, сондай-ақ жаңа инвестициялық жобалар ұсыну керек. Аймақтық және жаһандық бәсекеге қабілеттілікті қамтамасыз ете отырып, бизнес саласындағы ықпалдастықты күшейту, трансқұрлықтық дәліздеріміздің жылдамдығын жетілдіру қажет. Санкцияларды ескере отырып, шетелдік компаниялардың басқа жерге көшуі үшін қолайлы жағдай жасау мәселесіне айрықша назар аударуды ұсынамын. Әлемдік алпауыт елдер де Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің геоэкономикалық орналасу жағынан басымдыққа ие екенін жақсы біледі. Сондықтан 180 миллион тұтынушысы бар нарығымыздың әлеуетін елемеу мүмкін емес. Аталған шараларды 12 айдың ішінде жүзеге асыруды ұсынамын, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы бұл жұмыстарды Жоғары деңгейдегі Жұмыс тобы аясында Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының салалық мүше – министрінің төрағалығымен атқаруға болады деп санайды. Жұмыс тобының аралық баяндамасын осы жылдың желтоқсан айында қарастыру ұсынылды.

– Қазіргідей күрделі кезеңде үшінші елдермен, интеграциялық бірлестіктермен экономикалық ынтымақтастықты кеңейту және тереңдету мәселесі өзекті болып отыр. Бұл жөнінде былтыр қазан айында өткен Жоғары кеңестің отырысында айттым. Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақ органдарына төрағалық еткен кезде осы бағыт басымдық ретінде айқындалды. Өткен жылдың соңында Шанхай ынтымақтастық ұйымымен өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Тез арада жұмысты қолға алып, нақты жобалар мен бастамаларды талқылауды бастау керек. Бүгін біз Индонезиямен еркін сауда туралы келісімге келу жөнінде келіссөзді бастаймыз. Үндістанмен келіссөз жүргізіліп жатыр, Моңғолиямен келісім пысықталу сатысында, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, қазіргі жағдайда аталған бағыттың өзектілігі арта түспек. Мемлекет басшысы Комиссия мен Үкіметтерді аталған жұмысты жеделдетуге шақырды.

– Кеше бірінші Еуразиялық экономикалық форум өтті. Онда өзекті мәселелер мен оларды шешу жолдары талқыланды. Еуразиялық интеграцияны одан әрі дамыту жөнінде пікір алмастық. Табысты болған осы екі күнде қол жеткізілген уағдаластықтар мен шешімдер біздің бірігу үдерісімізді одан әрі дамыту аясында жалғасын табатынына сенімдімін, – деп Мемлекет басшысы сөзін түйіндеді.