Қазақстан «сары аймақта» тұр - Денсаулық сақтау министрі

0
701

Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облысы инфекция таралу қаупі жоғары қызыл аймақта тұр.


Қазақстан «сары аймақта» тұр - Денсаулық сақтау министрі

ERNUR.KZ. Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстанда коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу мәселелері жөнінде кеңес өтті. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай мен қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады, деп жазады ҚазАқпарат.

«16 қарашадағы эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасына сәйкес республика сары аймақта тұр», - деді А. Цой.

Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облысы инфекция таралу қаупі жоғары қызыл аймақта тұр. Орташа қауіпті сары аймақта - Павлодар, Ақмола, Қостанай облыстары, Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары. Қалған өңір салыстырмалы түрде инфекцияның таралу қаупі төмен жасыл аймақта.

Министрдің айтуынша, КВИ-ге шалдыққандар саны артқан жағдайда, халыққа сапалы және уақтылы көмек көрсету үшін медициналық ұйымдар 71 мың төсек-орын дайындап отыр. Қазір инфекциялық төсек-орынның 21% және реанимацияның 17%-да пациент бар. Азаматтарға үйде медициналық көмек көрсету үшін көшпелі мобильді бригадалар дайындалды. Мобильді бригадалар биыл шілдеден бері 280 мыңнан астам қызмет көрсеткен.

«Шілде айымен салыстырғанда қазір жедел медициналық көмек шақырушылар саны 43,8%, ал КВИ бойынша - 79% төмендеді», - деді А. Цой.

Оның айтуынша, КВИ-мен ауыратын науқастарға консультациялық көмек көрсету үшін өңірлік және республикалық сараптамалық топтар құрылды, өңірлік Call-орталықтардың және 1406 бірыңғай байланыс орталығының жұмысы күшейтілді.