Қазақстанда аз қамтылған отбасы балалары мен жетім балалар мектепте тегін тамақтанады

0
770

Қазақстанда 1 қарашадан бастап eGov мобильді қосымшасындағы "Әлеуметтік әмиян" арқылы мектеп оқушыларының жекелеген санаттарын тегін тамақтандыру бойынша бір жылдық пилоттық жоба іске қосылмақ.


Қазақстанда аз қамтылған отбасы балалары мен жетім балалар мектепте тегін тамақтанады

ERNUR.KZ. "Әлеуметтік әмиян" жолдамалары арқылы аз қамтылған отбасы балалары мен жетім балалар мектептерде тегін тамақтана алады. Бір жылға арналған пилоттық жоба екі аптадан кейін іске қосылады деп жоспарлануда, деп жазады stan.kz.

Қазақстанда 1 қарашадан бастап eGov мобильді қосымшасындағы "Әлеуметтік әмиян" арқылы мектеп оқушыларының жекелеген санаттарын тегін тамақтандыру бойынша бір жылдық пилоттық жоба іске қосылмақ. Білім министрлігі мен Цифрлық даму министрлігінің бірлескен бұйрығының жобасы қоғамдық талқылауда.

Жоба мыналарды қамтиды:

атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасы балалары;
жан басына шаққандағы орташа табысы күнкөріс деңгейінен төмен отбасы балалары;
ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және жетім балалар.

Көрсетілетін қызметті алушыға, яғни ата-анаға немесе заңды өкіліне Әлеуметтік әмияндағы цифрлық ваучерді қосу қажет. Ол оқу жылы ішінде мектеп асханасында тегін тамақтану мүмкіндігін береді. Мектеп оқушылары асхана қызметкеріне берілген QR кодын көрсету арқылы тегін тамақтану құқығын растайды.

"Әлеуметтік әмияндағы қызметті алушы мектеп асханасында көрсетілетін қызметтің сапасын бағалай алады және уәкілетті органға e-Otinish арқылы шағым жібере алады", - делінген құжатта.

Бұған дейін тегін тамақтандырудың мұндай схемасы Астананың 13 мектебінде сынақтан өткен болатын. Мектеп оқушыларының ата-аналары мен заңды өкілдері 331 цифрлық ваучерді іске қосты.