Қазақстанда электр көліктері утилизациялық алымнан босатылады

0
386

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев ресми құжатқа 2021 жылдың 13 мамырында қол қойды.


Қазақстанда электр көліктері утилизациялық алымнан босатылады

ERNUR.KZ. Осы жылдың 4 маусымында Қазақстан Республикасының экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің жаңа бұйрығы күшіне енеді. Оған сәйкес, электр көліктері, электроавтобустар мен электр жүк көліктеріне қатысты утилизациялық алым есебі нөлдік коэфицентпен бекітіледі, деп жазады inbusiness.kz.

Бұдан былай Қазақстанда электр көліктерін, электроавтобустар мен электр жүк көліктерін жасау кезінде немесе оларды басқа елден кіргізген кезде аталмыш көлік құралдарынан утилизациялық алым алынбайды.

«Бұл ұсынысты ӨЖК операторы 2020 жылы білдірген. Аталмыш мәселе жіті зерттелгеннен кейін Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев ресми құжатқа 2021 жылдың 13 мамырында қол қойды», - делінген сайтта.

Айта кетерлігі, бұрын электр қозғалтқышы бар автокөліктерден, атап айтқанда М1 санаттағылардан 437 550 теңге, ал М2, М3 санаттағылардан 1 166 800 теңге алынатын. Ал электр жүк көліктерінен алынатын утилизациялық алым 1 020 950 теңгеден басталатын.

Қазақстан автобизнес қауымдастығының ақпаратына сәйкес, бүгінгі таңда елде электр қозғалтқышы бар 422 автокөлік бар. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің өкілдері қол қойылған құжат елдегі электр көліктерінің өндірісін жігерлендіріп, экологиялық тұрғыда таза көліктерге сұранысты арттырар деген сенімде отыр.