Қазақстанда ниқаб пен паранджа киюге қашан тыйым салынады - Министр пікір білдірді

0
485

Бұл жұмыстар әлі де қоғаммен бірге жан-жақты талқыланады.


Қазақстанда ниқаб пен паранджа киюге қашан тыйым салынады - Министр пікір білдірді

ERNUR.KZ. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қоғамдық орындарда паранджа мен никаб киюге қатысты қандай тыйым шаралары қабылданатыны туралы айтты, деп жазады inbusiness.kz.

Министрдің айтуынша, әрбір адамның діни сезімін құрметтеу керек. Сондықтан бұл жұмыстар әлі де қоғаммен бірге жан-жақты талқыланады.

“Дін мен мемлекет бөлек. Әр адамның діни сезімін құрметтеуіміз керек. Сол тұрғыда әрбір шешім жан-жақты қоғаммен талқыланып, зерделеніп, содан кейін қабылданады. Бір күнде өзгертіп тастау оңай. Ертең қандай шу болатынын, адамдар наразылығын білдіретінін ескеруіміз керек. Депутаттардың да нақты сауалдары болатын. Біз, біріншіден, дін саласындағы тұжырымдамамызды анықтап алдық. Бүгінде не өзекті, қандай мәселелер нақты керек деген?! Ал енді қауіпсіздік тұрғысында міндетті түрде паранджа, никабқа қатысты ұстанымнан кеткен жоқпыз. Оны заңды тұрғыда қарау мәселесі, оның салдары бойынша қазір зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тағы да айтамын, ол тек қана біздің министрліктің құзыретінде емес. Қоғаммен ақылдасып жасалатын іс-шара. Сондықтан талқылаулар міндетті түрде ендігі жылы болады”, – деді Балаева.

Министр паранджа, никабқа қатысты шектеулер келесі жылы енгізілуі мүмкін екенін айтты. Сондай-ақ Балаева дін саласы министрлік алдындағы үлкен жауапты бағыт екенін атап өтті. Бұл бағытта үш өзара байланысты міндетке тоқталды.

“Біріншісі – халық арасына зайырлы мемлекет құндылықтарын насихаттау, екіншісі – дінаралық келісімді сақтау, үшіншісі – діни экстремизмді болдырмау. Осыларды іске асыру үшін де өзара үш тығыз бағытта жұмыс істеп келеміз. Бұл – ақпараттық-түсіндіру жұмыстары, деструктивті діни көзқарастағы азаматтарды райынан қайтару және интернет арқылы діни экстремизм идеологиясына қарсы жұмыстар. Әрине, мәселенің салдарымен емес, себебімен күресу керек екені айқын”, – деді ол.

Министр атап өткендей, діни экстремизм мен терроризмді насихаттайтын 14 мыңнан астам заңсыз материалдар жойылып, бұғатталған. Әлеуметтік желілердегі радикалды діни топтардан 20 мыңнан астам адам алшақтатылғанын айтты.