Қазақстанда Өзбекстанның 500-ге жуық азаматы жазасын өтеп жатыр

0
734

Өзбекстан азаматтары жазасының қалған бөлігін өз елдерінде өтеуі үшін Қазақстан мен осы ел арасында шарт жасалып жатыр.


Қазақстанда Өзбекстанның 500-ге жуық азаматы жазасын өтеп жатыр

ERNUR.KZ. Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы шет мемлекеттермен қылмыстық-құқықтық салада халықаралық шарттар жасасу бойынша жұмысты жалғастыруда, деп жазады inbusiness.kz.

Қазіргі уақытта Франция мен Өзбекстанмен екі шарт ҚР Парламенті Сенатында ратификациялаудан өтуде.

"Өзбекстанмен сотталған адамдарды беру туралы шарт оларға бас бостандығынан айыру түріндегі жазасын өз отанында одан әрі өтеуге мүмкіндік береді. Қазір қазақстандық колонияларда Өзбекстанның 500-ге жуық азаматы жазасын өтеп жатыр, ал Өзбекстанда біздің 20 азамат жазасын өтеуде", - делінген хабарламада.

Ал Франциямен құқықтық көмек туралы шарт біздің елдеріміздің құқық қорғау органдарына күдіктілер мен айыпталушылардың кінәсін дәлелдеуге, оның ішінде қылмыстық жолмен алынған ақша қаражатына тыйым салуға және өзге де мүлікті тәркілеуге мүмкіндік береді.

Қазақстан алыс шетелдердің 34 елімен 72 шарт жасасты (29 – қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы, 21 – ұстап беру туралы, 22 – сотталғандарды беру туралы). Біздің серіктестеріміздің қатарында АҚШ, Қытай, Ұлыбритания, Үндістан, БАӘ және т.б. сияқты ірі әлемдік державалар.

Сонымен қатар, біздің еліміз - Солтүстік және Оңтүстік Американың 26 елін қамтитын үш америкааралық конвенциялардың (ұстап беру туралы, қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек туралы, шетелде қылмыстық жазасын өтеу туралы) толыққанды қатысушысы.