Қазақстанда резервтегі әскери қызмет құрылуы мүмкін

0
478

Техногендік немесе табиғи сипаттағы төтенше жағдай болған кезде, оның салдарын жоюға бірінші кезекте резервтегі әскери қызметшілер жұмылдырылады.


Қазақстанда резервтегі әскери қызмет құрылуы мүмкін

ERNUR.KZ. Қорғаныс министрлігі кейбір заңнамалық актілерге резервтегі қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңы жобасының тұжырымдамасын әзірледі, деп жазады sputnik.kz.

Заң жобасының мақсаты – Қарулы күштерді жұмылдыру кезеңімен қатар төтенше жағдай кезеңінде де әскери-оқытылған резервтегі адамдармен кепілді түрде толық жасақтауды регламенттеу.

Заң жобасына "резервтегі адам" ұғымы енгізілген. Резервтегі адам – ерікті түрде қорғаныс министрлігімен резервте әскери қызмет өткеру туралы келісімшарт жасасқан әскери міндетті.

"Украинадағы және Таулы Қарабақтағы оқиғалар Қарулы күштерді жұмылдырумен, әскери-оқытылған резервті даярлауға және олардың бар болуына, сондай-ақ шығынды толықтыру немесе жеке құрамды ротациялау үшін запастағы әскери қызметшілердің уақытылы келуімен байланысты бірқатар проблемалық мәселелерді анықтады. Сондықтан азаматтардың резервте қызмет өткеруін ұйымдастыру арқылы Қарулы күштердің әскери бөлімдерін адам ресурстарымен қамтамасыз етудің заманауи қағидаттарын қайта қарау қажеттігі туындайды", - делінген заң жобасын әзірлеу қажеттігінің негіздемесінде.

Министрліктің ақпаратынша, уақыт өте запастағы әскери қызметшілер қызмет немесе әскери даярлық барысында алған дағдыларын ұмыта бастайды. Сондай-ақ жаңа қару-жарақ пен байланыс құралдарын меңгеруге уақыт талап етіледі, запастағы әскери қызметшілерден құрылатын бөлімшелерді жауынгерлік үйлестіру үшін де уақыт қажет.

Жиі өткізілетін жиындар запастағы әскери қызметшілерді даярлауға байланысты проблемаларды шешпейді, өйткені ол бес жылда бір рет өткізіледі және әскери міндеттілердің шектелген санын ғана қамтиды.

Жиындар мен оларға тартылатын адамдардың санын ұлғайту да жағдайды жақсартпайды, себебі кез келген жағдайда бес жылдан соң алған дағды ұмытыла бастайды.

"Осыған байланысты Қазақстан Қауіпсіздік кеңесінің 2021 жылғы 19 мамырдағы шешімімен резервтегі қызметті енгізу мақұлданды. Бейбіт уақытта Қарулы күштерді ұлғайтпай, резервтегі әскери қызметті құру әскери міндеттілердің белгілі бір санын алуға мүмкіндік береді, олар толық немесе ішінара жұмылдыру жүргізгенге дейін соғыс уақытының немесе соғыс жағдайының, не табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайдың бастапқы кезеңіндегі міндеттерді орындауға кәсіби тұрғыда әзір болады", - делінген тұжырымдамада.

Бұдан бөлек, техногендік немесе табиғи сипаттағы төтенше жағдай кезінде бірінші кезекте резервтегі әскери қызметшілер жұмылдырылады. Яғни Қарулы күштердің әскерилері өздеріне тән емес функциялардан босатылып, жауынгерлік даярлығын жоспарлы түрде жалғастырады.

Резервтегі адамдардың даярлығы

Резервте әскери қызмет өткеру туралы келісімшарт жасасқан әскери міндеттілер Қорғаныс министрлігі айқындаған тәртіппен бейбіт уақытта жиындар мен әскери-есептік мамандықтар бойынша даярлықтан өту арқылы әскери қызмет өткеретін болады деп болжанады.

Резервтегі адамдар үшін даярлық бір айда бір-екі рет, ал жиын 30 күн өткізіледі, жалпы алғанда бір жылда екі айдан көп емес.

Екінші эшелон бөлімдері және шығынды толтыру үшін резерв құру мақсатында жиындар өткізу арқылы әскери-оқытылған резервті даярлау қалған әскери міндеттілер үшін жоспарлы түрде жалғасады.

Жиындар мен сабақтар кезінде резервтегі адамдар өзінің әскери білімін, шеберлігі мен дағдысын жетілдіреді, бөлімше (бөлімше, взвод, рота) құрамында үйлесімді іс-қимыл жасауды үйренеді, өзінің бірге қызмет өткеретін әскери ұжымын таниды.

Бұдан бөлек, резервтегі әскери қызметшілерге әскери техниканы жүргізуге рұқсат етіледі.

Бастапқыда резервте әскери қызмет өткеретін әскери қызметшілердің саны мың адамға дейін болады деп күтілуде.

Одан әрі резервтегі адамдардың саны бірнеше резервтегі бригадаларға дейін ұлғайтылып, олармен аумақтық әскерлер жасақталуы мүмкін.

Резервтегі қызметті енгізу:

  • резервтегі адамдардың тікелей қызмет орнына келуі есебінен оларды жинау уақытын қысқартуға;
  • әскери бөлімдерді қажетті мамандармен сапалы жасақтауға;
  • жұмылдырылатын бөлімшелердің шоғырлануын арттыруға;
  • резервтегі адамдардың сеніп тапсырылған қару-жарақ пен әскери техниканы пайдалануға әзір болуын қамтамасыз етуге;
  • резервтегі адамдардың денсаулығын ұдайы бақылауды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ заңнамалық деңгейде резервтегі әскери қызметке түсетін азаматтың жұмыс орнын, атқаратын лауазымын және жалақысын сақтауды, ал жұмыс істемейтін адамға мемлекет есебінен ең төмен жалақы көздеу жоспарланып отыр.

Министрлік заң жобасын іске асыру үшін мемлекеттік бюджеттен қосымша қаржы қажет екенін атап өтті. Бірақ нақты сома көрсетілмеген.

Заң жобасының тұжырымдамасын қоғамдық талқылау 26 шілдеге дейін созылады.