​Қазақстанда заңсыз ұсталған 766 азамат босатылды

0
968

Мұндай дерек ҚР Бас прокуратурасының кеңейтілген алқа отырысында жария етілді


​Қазақстанда заңсыз ұсталған 766 азамат босатылды

ERNUR.KZ. 2018 жылы прокурорлар заңсыз ұсталған 766 азаматты босатты. Мұндай дерек ҚР Бас прокуратурасының кеңейтілген алқа отырысында жария етілді, деп жазады ҚазАқпарат.

Аталған ведомство таратқан мәліметке сәйкес, алқалы жиында Бас прокурор Қайрат Қожамжаров қадағалау органының қызметі Мемлекет басшысының қылмыстық-құқықтық саланы ізгілендіру және жаңғырту, еліміздегі қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету, құқық қорғау қызметін цифрландыру жөніндегі тапсырмаларын орындауға бағытталғанын атап өткен.

«2018 жыл тәуелсіздік жылдарында алғаш рет қылмыстық процестің ең төменгі репрессивтік деңгейін көрсетті. Ұсталғандар мен қамауға алынғандар 4 есеге (тиісінше 43 мыңнан 10 мыңға және 38 мыңнан 9 мыңға) азайды. Бас бостандығынан айыруға сотталғандар 5,5 есеге (40 мыңнан 7 мыңға) төмендеді. Жаңа реформалар криминогендік ахуалды нашарлатқан жоқ. Қылмысты төмендету үрдісі сақталуда. Ол 8 пайызға (316 мыңнан 292 мыңға), ал ауыр және аса ауыр түрлері 19 пайызға (26 мыңнан 21 мыңға) кеміді», - делінген таратылған ақпаратта.

Сонымен бірге, Бас прокурор қылмыстық процеске қатысушылардың құқықтарын бұзумен байланысты құқық қорғау органдары қызметінің жекелеген кемшіліктеріне назар аударған. Мәселен, 2018 жылы прокурорлар заңсыз ұсталған 766 азаматты босатты. Бұл 2017 жылғы көрсеткіштен 3,5 есе көп.

Тергеу органдары 400-ге жуық қылмыскерді жазаға тартудан босатқан. Тергеудің рұқсат етілмеген әдістері, кінәсіз адамды қасақана жауапқа тарту, азаптау және билікті асыра пайдалану фактілері бойынша 348 қылмыстық іс тергелген.

Айта кетерлігі, алқа отырысына ҚР Президентінің көмекшісі – Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Ғабит Байжанов қатысты.