Қазақстанда зейнет жасын төмендету ұсынылды

0
1 256

Қазақстанда әйелдердің зейнет жасы 2027 жылдың 1 қаңтарына қарай біртіндеп 63 жасқа дейін ұлғаяды.


Қазақстанда зейнет жасын төмендету ұсынылды

ERNUR.KZ. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Жәнібек Қожық зейнеткерлік жасын қайта қарауды ұсынды, деп жазады sputniknews.kz.

"Халықты толғандырып жүрген тағы бір мәселе – зейнет жасы. Мұны экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан зерттеп, қайта қараған дұрыс. Біздің экономикамыз өсіп, қадамымыз қарыштап келе жатыр. Олай болса, зейнеткерлік жасын алты ай қоса бергеннен гөрі, алты ай түсіре беретін болсақ, 55 пен 60 жасқа келіп тоқтасақ, жүздеген мың халыққа тағы жұмыс болар еді деген сенімдеміз", - деді ол бүгін ұлттық кеңестің отырысында.

Бұдан бөлек, Қожық шет елдерден қарапайым жұмысшыларды емес, тек білікті мамандарды ғана тартуды ұсынды. Оның пікірінше, елімізде шетелдік жұмысшыларға берілетін квотаны азайту қажет.

"Басқасын былай қойғанда, бір ғана Теңізшевройлдың өзінде 50 мыңға тарта адам жұмыс істесе, соның он мыңға жуығы шетелден келген азаматтар. Олар білікті маман емес, бірі кран айдайды, бірі шопыр, енді бірі қарапайым қызметте. Олардың арасында әлеуметтік жанжал ушығып жатыр. Егер біз тек мықты мамандарды жинайтын болсақ, жүздеген мың халыққа жұмыс болар еді. Осы мәселені қарастырып, заңды күшейткен дұрыс деп санаймыз", - деді ол.

Айта кетсек, бүгін елордадағы Тәуелсіздік сарайында президенттің төрағалығымен ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысы өтті. Ұлттық кеңес аясында үш бағыт бойынша – саяси, экономикалық және әлеуметтік топтар құрылған. Әр топтан екі спикерден сөз сөйлеп, ұсыныстары мен талаптарын жеткізді.

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі биыл маусым айында президенттің жарлығымен құрылған болатын.