Қазіргі кезде халықтың басым бөлігі жалдамалы баспана саласындағы бұрынғы бағдарламаны қайта іске қосуды қалайды.
ERNUR.KZ. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев тұрғын үй бағдарламасын өзгеріс енгізілетінін мәлімдеді, деп жазады sputnik.kz.
Қазіргі кезде халықтың басым бөлігі жалдамалы баспана саласындағы бұрынғы бағдарламаны қайта іске қосуды қалайды. Ол кезде жалдамалы пәтерді біртіндеп жеке меншікке сатып алуға рұқсат берілген.
"Иә, халық бұрынғы бағдарламаны қайта іске қосуды сұрайды. Бірақ біз сатып алу құқығымен жалдамалы тұрғын үйді қолға алсақ, онда қазіргі 2 процентік және тағы басқа жеңілдетілген ипотекаға сұраныс болмай қалады. Барлығы жалдамалы пәтерді алады. Себебі шарты тиімді, алғашқа жарнаны да төлеудің қажеті жоқ. Біз бәрін қайта қараймыз. Егер ол бағдарлама енгізілсе, онда басқаларын алып тастаймыз", - деді Өскенбаев сенатта өткен брифингте.
Министрдің айтуынша, құрылыс компанияларына жалдамалы пәтерді салған тиімсіз. Себебі ондай жүйемен ақшаны бірден қайтару мүмкін емес. Ал ипотекамен барлық шығынды қысқа уақыттың ішінде жауып тастауға болады.
"Бизнесмендер құрылысқа ақшаны кредитке алады ғой. Оны банкке қайтару керек. Ал салынған үй жалға берілсе, ақшасы 15-30 жылда қайтарылады. Сол жағынан қиын. Бізге екі жаққа да тиімді механизм керек. Халыққа төлеуге ыңғайлы, ал бизнеске үйді салуға тиімді болатындай жүйе қажет", - деп атап көрсетті Өскенбаев.
Айта кетері, қазіргі кезде жалдамалы пәтерлер баспана кезегінде тұрған адамдарға беріледі. Бірақ оны жеке меншікке сатып алуға рұқсат жоқ.