Қазақстандағы жағдай екі аптадан кейін жақсара бастайды – пульмонолог

0
741

​Қазақстанда тамыз айының басында коронавирус жұқтырғандар саны азаяды, деп болжады шақырылған ресейлік маман.


Қазақстандағы жағдай екі аптадан кейін жақсара бастайды – пульмонолог

ERNUR.KZ. Ресейлік дәрігерлер Қазақстанда кем дегенде шілденің соңы мен тамыздың басына дейін болуды жоспарлап отыр. Бұл туралы Нұр-Сұлтандағы Қалалық фтизиопульмонология орталығының дәрігерлеріне көмектесіп жүрген пульмонолог Евгений Попов айтты, деп жазады sputniknews.kz.

"Бастапқыда бізді екі аптаға іссапарға жіберді, содан кейін қанша қажет болса, сонша боласыңдар деді. Шілде айының соңы - тамыздың басына дейін осында болатынымыз анық. Біз ұйымдастыруға көмектесеміз, нақты ауыр жағдайлар бойынша көмек береміз. Менің ойымша, сол уақытқа дейін жағдай айтарлықтай жақсара бастайды, карантин шаралары жемісін береді", - деді Попов Sputnik Қазақстанның Instagram парақшасындағы тікелей эфирде.

Сонымен бірге шектеулердің оң әсері туралы айтқанда әзірге мұқият болу керек, деп жалғастырды ол.

"Жақын арада індеттің шарықтау шегі өтуі мүмкін екенін аса сақтықпен айтар едім. Өйткені біз де көріп отырмыз. Тағы бір-екі апта күтеміз, содан кейін біз нақты айта аламыз. Біз келген күні ауыр науқастарды көрдік. Қазір ондай науқастар бірлі-жарым түсіп жатыр", - деп толықтырды ресейлік пульмонолог.

Қазақстанға Ресейден 30-ға жуық маман – реабилитологтар, жұқпалы аурулар жөніндегі мамандар, пульмонологтар, эпидемиологтар келді. Барлық дәрігер Нұр-Сұлтан ауруханаларына бөлінді, сондай-ақ өңірлерге ұшып барды.