Бұл туралы журналист Нұрбек Бекбау әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.
ERNUR.KZ. Түркиядағы жер сілкінісінен зардап шеккен аймақта қызмет еткен қазақстандық құтқарушылар ерекше құтқару әдісімен шетелдіктерді таң қалдырды. Бұл туралы журналист Нұрбек Бекбау әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Журналистің жазуынша, қазақтың төтенше қызметі Газиентеп шаһарына келгенде, шеткірек бір учаскені берген. Қазақстандық құтқарушылар өздеріне берілген аумақтан 3 адамды дін аман, қирандылар арасынан суырып алады.
«Шетелдік құтқарушылар қиранды астында қалып қойған адамдарды тек ауыр техника күшіне сүйеніп қана шығарады. Оған ұзақтау уақыт керек. Тірі жатқан кісі күтіп жатып-ақ өліп қала берген. Ал қазақ жасағының тактикасы өзгеше. Қираған ғимараттың бүйірін үңгіп, жетіп барады немесе үй жанын ойып, басылып қалған кісінің астынан келеді. Осындай пидагерлікке баруының арқасында, жігіттеріміз 7 жанды аман алып қалды. 88 адам денесін қиранды ішінен суырып алды. Біздің жігіттер қабырғаларды қақырата қазып жатқан кран аяулы адам денесін мылжалап тастауына жол бермей, әр марқұмның арулап көмілуіне жағдай жасады. Түріктер осыдан кейін, Газиантеп қаласындағы бізге тиеселі 3 учаскеде қазақтың жігіттерін негізгі күш етіп, басқасын соларға бағындырып қойды. Кеше қиранды үйлердің астынан тірідей болса тірідей, шейіт болғандардың денесін алып шығып, үйінді болған үйлерді сүріп, тап-таза етіп барып, елге қайтты», - деп жазды Нұрбек Бекбау.