Қазақстандық жастар тик-токты тиімді пайдаланаудың жолын тапты

0
2 678

Ұлттық құндылықты дәріптеп жүрген қазақстандықтардың бейне-роликтері 4 миллионнан астам қаралым жинады.


Қазақстандық жастар тик-токты тиімді пайдаланаудың жолын тапты

ERNUR.KZ. Қазақ халқының салт-дәстүрін, музыкалық аспаптары мен қазақ тілін әлемдік платформаға жүктеп, өзге елге танытуды көздейтін жастардың саны артып келеді, деп жазады 24.kz.

Ұлттық құндылықты дәріптеп жүрген қазақстандықтардың бейне-роликтері 4 миллионнан астам қаралым жинады. Оралдық жігіт Данияр Рахметжанов ұмыт болған қазақ халқының ұлттық музыкалық аспаптарын тик-токта насихаттап жүр. Ол домбыра, шертер, шаңқобыз арқылы шетелдік әндермен коллабрация жасайды. Данияр басқа да аспаптарды меңгеріп, қабілетін әлі күнге дейін шыңдап келеді.

"Домбыра, шертер, шаңқобыз, қазір сазсырнайды үйреніп жатырмын. Болашақта - мақсатым қазақи көне аспаптарды меңгеру, қазақи контент жасау. Қазақтың өнерін жаңа форматта көрсету. Соларға патриоттық сезім ұялату. Әлемге таныту", дейді продюсер, Данияр Рахметжанов.

«Assalamu Alaikum» әні мен видеосы тик-токта қазан айында трендке айналды. Даниярдың айтуынша, мұндай контент арқылы әлемге қазақ халқының кеңпейілді екенін паш етуге болады. Қазір видеоның қаралымы 4 млн-нан асқан.

"Видеосынан бұрын әнін жаздық. Сөзіне, музыкасына. видеоға 3 күн уақыт кетті. Әр ұлттың образын сомдаған менің өнердегі достарым - Сұлтан мен Ару. Киімді де өздері тапты. Жартысын өздері тікті" - дейді продюсер, Данияр Рахметжанов.

Бүгінде тиктокерлер қазақтың салт-дәстүрі мен тілін де дәріптеп жүр. Олар қазақ тіліндегі мақал-мәтелдерді аударып, 15 секундтық контент жасаған.

Қазір Қазақстанда бірнеше Tiktok house бар. Яғни атақты тиктокерлер жиналып, әртүрлі видео түсіреді. Ең алғашқы ашылған топқа бір күнде 100 мың адам жазылған. Қазір 10 миллионға жуық тұрақты оқырманы бар.

"Tiktok House - медиа платформа. Бұл жерде талантты жастар, әнші, биші, әзілкеш, яки шығармашылықты жаны сүйетін адамдар жиналады. Трендке айналған желіде контент жасап, қазақстандық жастарды әлемдік деңгейге көтеруді жоспарлап отырмыз. Қазірдің өзінде нәтиже жаман емес" - дейді қазақстандық Tiktok House продюсері, Асхат Халимов.

Жаңашылдық, ізденіс керек. Жалпы жастарымыз тик-токты тиімді пайдаланаудың жолын тапты. Оған дәлел әлеуметтік желідегі платформада ұлттық құндылықтарды ұлықтайтын орта қалыптасып келеді. Бұл платформа адамдардың шығармашылық қабілетін ашады. Бірнеше тілді меңгеріп, музыкалық аспаптарды да үйренуге болады.