Қазақстандықтардың 30 миллиард зейнетақы жинағы қайда жұмсалғаны анықталды

0
1 087

Ұлттық банк қордың ақшасын Үндістан мен Қытайдың мемлекеттік корпорацияларына инвестиция ретінде құйған.


Қазақстандықтардың 30 миллиард зейнетақы жинағы қайда жұмсалғаны анықталды

ERNUR.KZ. Бүгінде зейнетақы қорының қаражаттарын шетелдік сенімді қаржы инструменттеріне салу жалғасып жатыр. Ұлттық банк қордың ақшасын Үндістан мен Қытайдың мемлекеттік корпорацияларына инвестиция ретінде құйған. Биыл мамыр айында аталған екі елдің квазисекторынан 30 млрд теңгеге жаңа облигациялар сатып алыныпты, деп жазады tengrinews.kz.

Атап айтсақ, еліміздің бас банкі Finance Corporation - 7,52 миллиард теңге, The Export-Import Bank of China - 6,82 миллиард теңге, Export-Import Bank of India - 4,86 миллиард теңге, Three Gorges Finance - 3,21 миллиард теңге және Avi Funding Company Limited - 2,27 миллиард теңге қаржы құйған. Бұл кәсіпорындар мен банктер - Қытай және Үндістандағы мұнай-газ, көлік және энергетика саласында жемісті еңбек етіп жатқан мекемелер. Олар мемлекеттің бақылауында көрінеді. Бұл елдерден бөлек зейнетақы қорының қаражаттары Бразилия, Ресей, АҚШ сияқты дамыған елдердің бағалы қағаздар нарығында пайда әкеліп жаыр екен.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының негізгі қаражатын, яғни 78 пайызын, қазақстандық компаниялар инвестиция түрінде пайдаланып отыр. Ал шетелдік нарықтағы облигацияларды сатып алуға кеткен қаражат көп емес. Ол қорға жинақталған қаржының 1,3 пайызын құрайды. Айта кету керек, 2018 жылдың мамыр айындағы есеп бойынша қордың қаражаты 8 триллион теңгеден асады. Тек соңғы бір айда ол 128 миллиард теңгеге өткен.

"Жалпы қордың табысына қарасақ, ол қазір 8,2 триллион теңгеге жетті. Тіпті ай сайын түсетін қаражат көлемі де өсіп жатыр. Мұншама қомақты қаржы экономикаға жұмыс істеуі керек, сенімді компанияларға инвестиция ретінде құйылғаны дұрыс. Сондықтан қор қаражатын шетелдің мемлекеттік облигацияларын сатып алуға қорықпай салған жөн. Ол табыс әкелетін болады", - дейді Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының сарапшысы Мерей Исабеков.