Шеттен мал әкелгісі келетін фермер ең алдымен сол аймақты жақсылап зерттеп, ветеринарлық бақылау комитетімен бірге нақты жоспар құру керек.
ERNUR.KZ. Қазақстанға әлемнің ондаған елінен мал тасымалдауға тыйым салынған. Бірақ шаруалар келісімшарт жасасарда оны ескере бермейді, деп жазады «Хабар 24».
Салдарынан қыруар шығынға батып, бизнес жоспарлары күл-талқан болады. Дәл солай біздің елден төрт түлік сатып алғысы келетін шетелдіктер де тығырыққа тіреліп жатады. Ең қызығы – шеттен әкелінетін мал сау да болуы мүмкін. Бірақ сол өңірде аурудың белгілері байқалып, арнайы тізімге алынса, тәуекелге бармауға кеңес береді мамандар. Қысқасы, сақтықта қорлық жоқ. Ал шектеу қойылған аймақтарды Ауыл шаруашылығы министрлігінің сайтынан көруге болады. Ол жерде дәл қазір 182 өңір және оның себептері тайға таңба басқандай көрініп тұр. Уақыт өте кей тармақтар алынып, басқалары қосылуы мүмкін. Ең өкішінтісі – шетелдік әріптестерімен келісім жасасарда шаруалар осыны ескере бермейді.
Асылхан Жұбашев, «ҚазАгро»ҰБХ» басқарушы директоры:
- Шеттен мал әкелгісі келетін фермер ең алдымен сол аймақты жақсылап зерттеп, ветеринарлық бақылау комитетімен бірге нақты жоспар құру керек. Әсіресе, малды Ресей және Қазақстан арқылы алып жүрудің сызбасын жасайды. Оған рұқсат беретін құжаттарды реттейді. Әйтпесе, өзіңіз білесіз ғой, ауруы бар мал келсе, басқаларын да жаппай бүлдіреді. Сондықтан ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің талаптарына немқұрайлы қарауға болмайды.
Дәл осындай шектеулер тек мал тасымалына ғана емес, кез келген ауыл шаруашылығы өнімдеріне де қойылады. Мәселен, қазан айында өсімдіктер карантині бойынша мемлекеттік инспекторлар 497 тонна заңсыз тасымалданған өсімдік өнімдерінің жолын кесіп, Ресейге кері қайтарған болатын. Оның ішінде 43 тонна бидай кебегі, 21 тонна тағамдық картоп бар. Дәл солай жуырда Петропавлдағы ет өңдеу кәсіпорны да тығырыққа тап болды. Ресей шекарасынан өнімдері кері қайтып, кейін тіпті экспортты мүлде тоқтатты. Мамандар «егер алдын ала сақтанбасақ, кейін зардабы одан да зор болуы мүмкін» дейді.