Қазақстанның солтүстігінде мектеп "1 теңгеге де" сатылмай жатыр

0
2 498

Әкімдік мәліметінше, бұл мектепті сату бойынша аукцион төрт рет өткен.


Қазақстанның солтүстігінде мектеп

ERNUR.KZ. Қазақстанның солтүстігінде мектеп ғимараты сатылмай жатыр. Бұл туралы облыс әкімдігіне жіберген сауалымызға жауапта айтылған. Бұған дейін БАҚ-та Жамбыл ауданының Үлгі ауылында мектеп ғимаратының бастапқы бағасы 3,7 миллион теңге екені хабарланған болатын. Аукцион шарттары бойынша ең төменгі баға 1 теңге ғана, деп жазады Tengrinews.kz.

СҚО әкімдігі өкілдері Үлгі бастауыш мектебі Жамбыл ауданы әкімдігінің қаулысымен жабылғанын айтты. Ол уақытта мұнда үш оқушы болған. Қазіргі таңда Үлгі ауылында мектеп жасындағы екі бала бар - 10 және 4-сынып. Олар үшін "Благовещенка жалпы білім беру мектебі" КММ-де оқыту ұйымдастырылған.

Әкімдік мәліметінше, бұл мектепті сату бойынша аукцион төрт рет өткен. Бірақ ешкім ғимаратты сатып алмаған.

"2020 жылы 9 қыркүйекте бағаны көтеру аукционы өтінімдердің болмауы себебінен өткен жоқ;
2020 жылы 6 қазанда бағасын жартылай төмендету аукционы өтінімдердің болмауынан өткізілген жоқ;
2020 жылы 10 қарашада сатып алушының сауда нәтижесі жазылған хаттамаға қол қоймауы себебінен аукционның күші жойылды.
2020 жылы 8 желтоқсанда ең төменгі бағаны белгілемей бағаны төмендету аукционы өтінімдердің болмауына байланысты болған жоқ", - деп хабарлады СҚО әкімдігі ресми сауалымызға.

471 шаршы метрлік ғимарат 1972 жылы салынғаны белгілі. Бағалаушылар ғимараттың жағдайын ескере отырып оның бастапқы бағасын 3,7 миллион теңге қойған. Бірақ баға төмендейтін аукцион болғандықтан, оны минималды 1 теңгеге сатып алуға болады.

Бұған дейін Солтүстік Қазақстан облысында бос тұрған мектептер аукциондарға шығарылатыны хабарланған болатын.