​ХҚКО қызметкері жұмыс істегеніне байланысты жалақы алады

0
1 704

Мысалы, олар 5 адамға жұмыс тауып берсе, 5 азаматқа белгіленген ақшаны алады.


​ХҚКО қызметкері жұмыс істегеніне байланысты жалақы алады

фото yujanka.kz

Енді халықты жұмыспен қамту орталықтарындағы азаматтардың жалақысы тікелей олардың қанша адамды жұмысқа орналастырғанына байланысты болады. Бұл туралы ОКҚ-де өткен брифингте ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нұржан Әлтаев мәлімдеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ. Baq.kz сайтына сілтеме жасап.

Алдымен вице-министр халыққа жұмыс тауып беру мәселесінде жеке сектордың әлеуетін пайдалану қажеттігін атап өтті.

«Біз 2018 жылдан бастап, халықты жұмыспен қамту орталықтарының жұмысын жеңілдету үшін тиісті жұмыстарды жүргізіп келеміз. Тек мемлекеттің ақшасы мен күші арқылы бұл мәселені шешуге тырыспау қажет. Әлемдегі дамыған мемлекеттер жеке жұмыспен қамту агенттіктері мен жеке еңбек биржасының көмегіне сүйенеді. Сондықтан біз биыл осы жолды таңдадық», - деді ол.

Осы орайда Нұржан Әлтаев жақында Елбасы қол қойған заңға тоқталды.

«Заң халықты өзін-өзі жұмыспен қамтудың кейбір мәселесіне қатысты. Мысалы, алғашында еліміздегі халықты жұмыспен қамту орталықтары мемлекеттік мекеме болатын. Ондағы азаматтар белгіленген жалақы алып келді. Яғни олар қанша азаматты жұмысқа орналастырғанына қарамастан, белгіленген ақша қолына тиетін. Сондықтан халықты жұмыспен қамту орталықтарындағы азаматтар халыққа жұмыс тауып беруде құлшынысы аса байқала бермейтін. Олар тек жұмыста отырып, ақшасын алып келді», - деді вице-министр.

Оның айтуынша, биылдан бастап, бұл талап өзгереді.

«Осы жылы біз бұл талапты өзгертеміз. Яғни жоғарыда аталған заңда еліміздегі халықты жұмыспен қамту орталықтары МКК форматына (Мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны – автор) көшеді. Енді халықты жұмыспен қамту орталықтарындағы азаматтардың жалақысы мен мекеменің бюджеті тікелей оларды қанша адамды жұмысқа орналастырғанына байланысты болады. Мысалы, олар 5 адамға жұмыс тауып берсе, 5 азаматқа белгіленген ақшаны алады. Осылайша біз халықты жұмыспен қамту орталықтарының жұмысына реформа жүргізіп жатырмыз», - деп түйіндеді сөзін Нұржан Әлтаев.

Алайда вице-министр халықты жұмыспен қамту орталығының қызметкері енді қанша жалақы алатынын нақты айтқан жоқ.