Мұндай қызмет тұрғындардың барлық санатының қажетті көмек түрлерін кедергісіз алуына жағдай жасау мақсатында қолға алынған.
ERNUR.KZ. Соңғы үш жыл ішінде Шығыс Қазақстандағы ХҚКО-лар 5 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жанға түрлі мемлекеттік қызметті үйде көрсеткен. Бұл жөнінде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ ШҚО филиалы директорының орынбасары Азамат Есембұлов хабарлады, деп жазады baq.kz.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының көлемді жұмыстарының бірі ретінде мүгедектерге үйде көрсетілетін қызмет түрлерін айтуға болады. Өздігінен жүріп-тұра алмайтын азаматтар қажетті көмек түрін сұрап бірыңғай Call-орталықтың 1414 нөміріне хабарлама жібереді. Хабарлама түсісімен біздің мамандар көмек сұраған адамның үйіне барып қажетті мемлекеттік қызмет түрлерін көрсетеді. Мемлекеттік корпорация құрылғалы бері Халыққа қызмет көрсету орталықтарына осындай жандардан 5 724 өтініш түсіп, 7 600-ден астам қызмет түрі көрсетілген», - деді Азамат Есембұлов.
Жауапты тұлғаның айтуынша, мұндай қызмет тұрғындардың барлық санатының қажетті көмек түрлерін кедергісіз алуына жағдай жасау мақсатында қолға алынған. Бұдан бөлек, қазіргі уақытта жұмыс істеп тұрған жеті мобильді ХҚКО өңірдің шалғай орналасқан ауыл-аймақтарына шығып, халыққа қажетті қызмет түрлерін тұрғылықты жері бойынша көрсететін көрінеді.
«Соңғы үш жылда мобильді ХҚКО шалғай орналасқан ауылдарға 2 661 рет шығып, 70 мыңнан астам қызмет көрсетті. Сонымен қатар, біз қызмет түрлерін цифрландыру бағытында да мақсатты жұмыстар атқарып жатырмыз. Соның бірі ретінде жүргізуші куәлігін «Электрондық үкімет» порталы арқылы қайталап алу қызметін айтуға болады. Атап айтсақ, бұдан былай азаматтарға тіркеу-емтихан бөлімдеріне, я болмаса мамандандырылған ХҚКО-ға барудың қажеті жоқ. Бар болғаны портал арқылы өтініш беріп, құжат дайын болған кезде ғана ХҚКО-ға келу мүмкіндігі жасалды», - деді Азамат Есембұлов.
Сондай-ақ, ол көлікті онлайн тіркеу, «Рареr free» (азаматтың келісімімен үшінші тұлғалардың атына анықтамалар алу), үш мемлекеттік қызметті бірден алуға мүмкіндік беретін «Проактив» сынды қызмет түрлеріне де тоқталып өтті.
«Семей қаласында ашылған мамандандырылған ХҚКО өз пайдасын көпшілікке көрсете білді. Адамдар ешқандай нұсқаушының көмегінсіз автоматтандырылған автодромда тест тапсырып, екі сағат көлемінде жүргізуші куәлігін алады», - деп қосты филиал директорының орынбасары.