​ХҚКО-ларға барған мемқызметшілер жазаға тартылады

0
1 305

Анықтама үшін мемлекеттік қызметшілер халыққа қызмет көрсету орталықтарына бармауы тиіс.


​ХҚКО-ларға барған мемқызметшілер жазаға тартылады

ERNUR.KZ. Анықтама үшін мемлекеттік қызметшілер халыққа қызмет көрсету орталықтарына бармауы тиіс. Бұл туралы бүгін елорда Астана әкімдігінде өткен жиында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Астана қалалық департаментінің басшысы Жазира Жылқышиева мәлім етті, деп жазады ҚазАқпарат.

«Өздеріңіз білесіздер, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында біздің алдымызға электрондық форматқа көшудің тиісті деңгейі белгіленген. Өткен жылдан бастап «Азаматтарға арналған үкіметпен» бірге барлық қажетті шараларды ұйымдастырып, мамандарды оқыттық. Осы орайда, басым бөлігінде электрондық цифрлық қолтаңба іске қосылғандығы туралы баяндалды. Алайда жақында қаладағы төрт халыққа қызмет көрсету орталықтарына барып келдім, бұрынғысынша сол жерде адамдар кезекте тұр. Ең қызығы, сол жерге мемлекеттік қызметшілер немесе ведомстволық бағынышты ұйым өкілдері барып, ХҚКО-ларда кезекте тұрады. Егер де бізде электрондық цифрлық қолтаңба болса, ХҚКО-ларға барудың қажеті қанша? Бұл қызметтерді «egov» арқылы алудың мүмкіндігі бар ғой, яғни дәстүрлі анықтамаларды электрондық үкімет порталымен алуға болатынын білесіздер», - деп тоқталды Ж. Жылқышиева.

Оның сөзіне қарағанда, мемлекеттік қызметшілер тарапынан халыққа қызмет көрсету орталықтарына жүктемені азайту үшін тиісті жұмыстар іске асырылмақ.

«Бұл ретте біздің қызметкерлер мен ведомстволық бағынышты ұйымдар өкілдерін оқыту бойынша тиісті кестені жасадық. ЭКСПО аумағында жаңа ХҚКО бар. Осы орайда аталған кестеге сәйкес, қызметшілер бұл саладағы біліктілігін жетілдіреді. Өзімнен бастап, аталған жерде цифрлық жаңашылдықтарға үйренетін боламыз. Егер де осыдан кейін мемлекеттік қызметшілер egov-пен алуға болатын қызметті ХҚКО арқылы тапсырыс берсе, онда бұл маманды жазаға тартамыз. Яғни, осындай тәсілдер арқылы нәтижеге жетеміз. Халыққа қызмет көрсету орталықтарында мекенжай анықтамасы үшін мемқызметшілердің кезекте тұрғаны дұрыс емес», - деді Ж. Жылқышиева.