"Кімнің пәтері өртенсе, сол ашсын": Павлодарда құтқарушыларды көпқабатты үйге кіргізбей қойды (видео)

0
775

Шақырту орнына 19 қызметкері бар 7 өрт сөндіру тобы барған.


ERNUR.KZ. Павлодардағы Құдайбердіұлы көшесіндегі көпқабатты үйден өрт сөндірушілерге пәтерлердің бірінен өрт шыққаны туралы ақпарат түскен. Құтқарушылар шақырту орнына жетіп, домофонды басқан кезде көршілері есікті ашудан бас тартқан, деп жазады nur.kz.

Әлеуметтік желіде павлодарлық полицей Қайрат Бексейітов түсірген видео кеңінен таралуда. Ер адам бірнеше жылдан бері Instagram желісінде видеоблог жүргізеді. Елдің талқысына түскен видеоны да Бексейітов түсірген.

Кадрларда өрт сөндірушілердің шақырту орнына келгені көрінеді. Бексейітов домофонды басып, өзін таныстырып, есікті ашуды өтінген. Алайда тұрғын өрт сөндірушіні кіргізуден бас тартып, "Кімнің пәтері өртенсе, сол ашсын" деп жауап берген.

Өңірдегі ТЖД хабарлауынша, құтқарушылар ақыры подъезге кіріпті. Оларға пәтердің өртеніп жатқаны туралы ақпаратты бөтен қыз берген болып шыққан.

Оқиға орнында ешқандай өрттің болмағаны, үйде жігіт пен екі қыздың бар екені, "101" нөміріне олардың ешбірі хабарласпағаны анықталған.

Құтқарушылар жалған шақырту дерегі бойынша шара қолдану үшін полицияға материалдар берген.

Шақырту орнына 19 қызметкері бар 7 өрт сөндіру тобы барғаны атап өтілді.