Қаржы министрінің айтуынша, жалпы алғанда, нақтылау кезінде бюджет шығындары 417 млрд теңгеге ұлғайды. Осылайша, өңірлерге мақсатты ағымдағы трансферттерді бөлу — 99,7 млрд теңгеге өсіп, 293,6 млрд теңгені құрайды, ал дамуға мақсатты трансферттерді бөлу — 98,4 млрд теңгеге артып, 449,3 млрд теңгені құрайды.
фото: primeminister.kz
ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2018–2020 жылдарға арналған республикалық бюджетті нақтылау туралы ҚР Заңын іске асыру және ішкі істер органдарының қызметін жетілдіру мәселелері бойынша депутаттардың түзетулеріне Үкімет қорытындысының жобасы туралы мәселелер қаралды, деп хабарлайды ERNUR.KZ primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.
«2018–2020 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңның іске асырылуы туралы қаржы министрі Бақыт Сұлтанов баяндады.
Жоба Мемлекет басшысының 27 сәуірде Бес әлеуметтік бастаманы қаржыландыру үшін қол қойған, осы жылдың республикалық бюджетіне өзгерістер енгізу туралы заңын жүзеге асыру мақсатында әзірленген.
Қаржы министрінің айтуынша, жалпы алғанда, нақтылау кезінде бюджет шығындары 417 млрд теңгеге ұлғайды. Осылайша, өңірлерге мақсатты ағымдағы трансферттерді бөлу — 99,7 млрд теңгеге өсіп, 293,6 млрд теңгені құрайды, ал дамуға мақсатты трансферттерді бөлу — 98,4 млрд теңгеге артып, 449,3 млрд теңгені құрайды.
Республикалық бюджеттік инвестициялар, жарғылық капиталды толықтыру мен 18,3 млрд тг несиелерді қоса алғанда, азаюда, нәтижесінде жалпы сома 424,8 млрд теңгені құрайды.
«Аса маңызды міндеттерді жүзеге асыруға бағытталған және кейінге қалдыру жағдайымен іске асырылып жатқан басым инвестициялық жобалардың тізімі 14,4 млрд теңгеге ұлғайтылып, 19,9 млрд теңгені құрады», — деді Б. Сұлтанов.
Бақытжан Сағынтаев мәселені қарау қорытындысы бойынша Премьер-Министрдің Кеңсесіне Қаржы министрлігімен бірлесіп қол қоюға қаулы жобасын дайындауды тапсырды.
«ҚР кейбір заңнамалық актілеріне ішкі істер органдарының қызметін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы бойынша депутаттардың түзетулеріне Үкімет қорытындысының жобасы туралы Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов баяндады.
Спикердің айтуынша, ұсынылған түзетулер қылмыстық процестің репрессивтілігін төмендетуге және оны ізгілендіруге, сондай-ақ азаматтарды қылмыстық процесте қорғау деңгейін одан әрі арттыруға бағытталған.
Депутаттар Қылмыстық кодекске, Қылмыстық іс жүргізу кодексіне және Қылмыстық-атқару кодексіне 275 түзетулер ұсынды.
Жалпы, отырыс қорытындысы бойынша қорытынды жобасына сәйкес депутаттардың түзетулері мақұлданды.