Өрт кезінде пәтерде үш бала болды. Оның екеуін көршілері құтқарушылар келгенше сыртқа алып шықты, ал, үшіншісін өрт сөндірушілер құтқарған.
ERNUR.KZ. Дәрігерлер Көкшетауда өртенген пәтерден құтқарылған балалардың жағдайы туралы айтты, деп жазады ҚазАқпарат.
«Маусымның 13-де Сарыарқа шағынауданында өрт шыққан пәтерден үш бала ауыр халде ауруханаға жеткізілді. Оның ішінде 2010 және 2013 жылғы екеуін сағат 23:09 жедел жәрдем қызметі алып келді. Екеуі де 3-4 деңгейлі термиялық күйік алған, яғни денесінің 80 және 90 пайызы күйіп қалған. Бүгінгі таңертеңгі жағдай бойынша, олардың жағдайы аса ауыр, өмірлеріне қауіп төніп тұр. Өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Қазір жансақтау бөлімінде жатқан екі балаға «тамыр ішінде таралған қан ұю синдромы» диагнозы қойылған. Мұндай күйіктен тірі қалу екіталай. Ал, үшінші - 2015 жылғы баланың өміріне дәрігерлер араша түсе алмады» дейді ведомстводан.
Ведомстводан атап өткендей, 5 жасар бала Ақмола облыстық көпбейінді балалар ауруханасына жеткізілгенше көз жұмған.
«Баланы құтқарушылар алып шыққан соң жолай өтіп бара жатқан көлікпен Ақмола облыстық көпбейінді балалар ауруханасына жеткізген. Ол кезде бала клиникалық өлімде болды (жүрек соғысы тоқтап, дем алмады). Денесінің 90 пайыздан астамы күйген. Аяқ-қолының ұшы күлге айналған. Балалардың барлығына реанимациялық шаралар жүргізілді» деп толықтырды ведомстводан.
Еске сала кетейік, 13 маусым күні кешке Көкшетаудың Сарыарқа шағын ауданындағы 14/3-үйдің екінші қабатындағы пәтерден өрт шықты. Өрт кезінде пәтерде үш бала болды. Оның екеуін көршілері құтқарушылар келгенше сыртқа алып шықты, ал, үшіншісін өрт сөндірушілер құтқарды.