Қолайсыз ауа райынан бір аптада 39 адам көз жұмды

0
875

Көптеген жүргізушілер жазғы дөңгелекпен айналмалы жолдар арқылы жабық қозғалысы бар жолдың қауіпті аудандарына шығып, жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған.


Қолайсыз ауа райынан бір аптада 39 адам көз жұмды

ERNUR.KZ. 16-22 желтоқсан аралығында Қазақстан жолдарында 104 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Солардың салдарынан 39 адам қаза тауып, 158-і түрлі жарақат алды. Ішкі істер министрлігі бұның себебін ауа райының қолайсыздығымен байланыстырып отыр, деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың айтуынша, ауа температурасының 0 градусқа дейін күрт жылынуына байланысты жолда көктайғақ пайда болған, ал қалың тұман, жаңбыр мен қар жаууы жолдағы көлік қозғалысына едәуір кедергі келтіруде.
"Дегенмен, жол апатының санын азайту мақсатында полиция күнделікті БАҚ өкілдері арқылы қолайсыз ауа райы жағдайында көлік құралын пайдалану туралы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Көптеген жүргізушілердің жазғы дөңгелекпен айналмалы жолдар арқылы жабық қозғалысы бар жолдың қауіпті аудандарына шығып, жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған фактілері жиі тіркелген", – деп мәлімдеді министр үкімет отырысында.
Осыған мысал ретінде ведомство басшысы Алматы облысының тас жолында орын алған ірі жол апатын келтіріп өтті. Айтуынша, MAN жүк көлігінің жүргізушісі көктайғақта жолдың ортасындағы қоршауды бұзып өтіп, қарама-қарсы бетке шығып кеткен. Сөйтіп, тас жолдың екі бетін де жауып тастаған. Соның салдарынан оқиға орнында кептеліс пайда болып, бес автокөліктің қатысуымен тағы екі жол-көлік оқиғасы орын алды. Нәтижесінде екі адам қаза болып, тағы екеуі дене жарақтын алды.
Жалпы, ауа райының қолайсыз жағдайына байланысты мыңнан астам автокөлік кептелісте қалған. Қар көшкінінен 120 автокөлік пен 900-ден астам адам құтқарылды.
Қазіргі уақытта жолдағы жағдай тұрақтандырылды. Жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық қажетті техникалар мен адамдар жұмылдырылды.