Қазіргі қолданыстағы құжат жасату тәртібінде сыбайлас жемқорлық тәуекелі жоғары болып отыр.
ERNUR.KZ. Автокөліктерді бензиннен газға көшіру құжаттарын жасатуды Халыққа қызмет көрсету орталықтарына беру ұсынылды. Бұл туралы бүгінгі брифингте "Талап" қолданбалы зерттеулер орталығының өкілі Серік Беркамалов мәлімдеді, деп жазады Zakon.kz.
"Бізде автокөліктерді бензиннен газға ауыстырудың бар процедурасы ашық емес, тіпті тым күрделендірілген. Ондай көлікті қайта тіркету үшін алты кезеңнен өту керек. Сондықтан осы қызметті ХҚКО-ларға беру ұсынылады. Ол үшін мұны мемлекеттік қызметтер тізіміне енгізіп, ХҚКО-ға беру қажет. Менің ойымша, бұл ұтымды ұсыныс" - деді Беркамалов.
Бүгінде, оның айтуынша, бұл іспен әкімшілік полиция бөлімі айналысады, көптеген кедергілер бар.
"Бүгінде бұл процесс былай жасалады. Бірінші кезеңде өтініш беруші әкімшілік полиция бастығының атына өтініш жазады. Содан кейін бастық оны бөлім бастығына сырғытып, өтінішті сол қарайды. Сосын ол өтінішті автокөлікті тексеретін инспекторға сілтейді. Сосын тексеру туралы акт толтырылып, мөр басылады, қол қойылады. Сосын өтініш беруші тексеру актін №7 терезеге тапсырып, содан кейін барып техникалық куәлік алады. Сосын көлікті қайта тіркету үшін ХҚКО-ға барады. Осындай ұзақ үрдіс бар. Әрі өтініш беруші қызметтік тұлғалармен тікелей қатынаста болады. Бұл кедергілерді алып тастап, осы процесті ашық ету керек" - деп түсіндірді Серік Беркамалов.