Конституциялық кеңес некесіз балалы болған аналардың құқығына қатысты шешім қабылдады

0
1 772

Дегенмен, Конституциялық кеңес бала құқықтары бойынша Үкіметке бірқатар ұсыныстар әзірледі. «Қолданыстағы заң бойынша некесіз бала көтерген әйел баланың әкесінен босанғанға дейінгі және кейінгі кезең үшін ғана қаражат өндіріп алуға құқылы.


Конституциялық кеңес некесіз балалы болған аналардың құқығына қатысты шешім қабылдады

ҚР Конституциялық кеңесі Үкіметке некелі және некесіз бала босанған әйелдерді материалдық күтіп-бағуды теңдестіруді ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұған дейін Қарағанды облысының Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты ҚР Конституциялық Кеңесіне «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы» туралы ҚР Кодексінің 47-бабы, 5-тармағының конституциялылығын тексеруді ұсынған болатын. Ауданаралық сот Кодекстің 47-бабы, 5-тармағының Конституцияның «Ешкімді кемсітуге болмайды, ана мен бала мемлекеттің қорғауында болады» деген 14-бабының 2-тармағына және 27-бабының 1-2 және екінші тармақтарына қайшы келеді, Конституцияда белгіленген адамның және азаматтың құқықтарына нұқсан келтіреді деген желеумен Кодекстің аталған нормасын конституциялық емес деп тануды ұсынды.

Конституциялық кеңес төрағасы Қайрат Мәми жариялаған шешімге сәйкес, 2002 жылы қабылданған «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы» туралы ҚР Кодексінің даулы нормасы Конституцияға сәйкес деп танылады. Осылайша, мемлекет заңдық некеге қолдау білдіреді. Дегенмен, Конституциялық кеңес бала құқықтары бойынша Үкіметке бірқатар ұсыныстар әзірледі. «Қолданыстағы заң бойынша некесіз бала көтерген әйел баланың әкесінен босанғанға дейінгі және кейінгі кезең үшін ғана қаражат өндіріп алуға құқылы. Ал некеде тұрып, ажырасқан әйел бала үш жасқа толғанша, ай сайын бұрынғы жұбайынан өзін-күтіп бағуға қаражат өндіріп ала алады. Баланың қалай дүниеге келгені, әлеуметтік жағдайы оның материалдық қамтылуына әсер етпеуі тиіс. Әйелдерге некеде немесе некесіз босанғанына қарамастан, бірдей өтемақы төленуі тиіс. Бүгінгі Конституциялық Кеңестің шешімі де дәл осыған негізделеді», - деп атап өтті ҚР Конституциялық кеңесінің мүшесі Рахмет Мұқашев. Р. Мұқашев келтірген деректер бойынша, 2016 жылы баланың әкесі екенін мойындау мен баланы күтіп-бағуға ақшалай өтемақы төлеу талабымен 2,9 мың әйел шағым түсірген. Ал 2017 жылдың алғашқы тоқсанында мұндай шағымдардың саны үш мыңнан асқан.