​Көпбалалы ана статусымды қайтаруды сұраймын – 4 баланың анасы

0
7 893

Көпбалалы отбасыларға мемлекет тарапынан берілетін атаулы әлеуметтік көмек жәрдемақысы да 4 балалы отбасыға берілмейді. «Ананың анадан несі кем?» деп шырылдаған анаға хабарласқан болатынбыз.


​Көпбалалы ана статусымды қайтаруды сұраймын – 4 баланың анасы

ERNUR.KZ. Қарағандылық танымал блогер, журналист, 4 баланың анасы Ләззат Қожахмет көпбалалы аналар алатын жәрдемақыны, жеңілдіктерді алмайтындығын айтады, деп жазады BAQ.KZ

Көпбалалы отбасыларға мемлекет тарапынан берілетін атаулы әлеуметтік көмек жәрдемақысы да 4 балалы отбасыға берілмейді. «Ананың анадан несі кем?» деп шырылдаған анаға хабарласқан болатынбыз.

Елімізде 2017 жылдың 31 желтоқсанына дейін төрт бала өмірге әкелген аналарға ай сайын 9500 теңге көлемінде жәрдемақы төленіп келді. Ал 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап төртінші баласы дүниеге келген отбасыларға бұл жәрдемақы берілмейтін болған. Сондай-ақ, көпбалалы отбасыларға мемлекеттік тарапынан берілетін тұрғын үй алуға кезекте тұру, қоғамдық көлікте жеңілдікпен тегін жүру сияқты қосымша мүмкіндіктер де тағайындалмайды. Яғни, 2018 жылдан бастап 4 балалы отбасы енді көпбалалы отбасылардың қатарында емес.

Ләззат Қожахмет алтын асықтай төрт ұлдың анасы, бүгінде қырықтың қырқасынан асқан ана «көпбалалы ана» статусын алуды армандайды.

«Қазақстанда 4 балалы аналардың жартысы жәрдемақы алады, жартысы алмайды. Әлеуметтік теңсіздік деген осыдан шығады. 2018 жылдан бастап төртінші баласын дүниеге әкелгендер «көпбалалы отбасы» санатына жатпайды. Оған дейін 4 бала тапқандар ай сайын жәрдемақы алады, тұрғын үй кезегі, балабақша кезегі секілді жеңілдіктерге ие, балалары мектепте тегін тамақ ішіп, үйірмелерге тегін қатысады. Ал 2018 жылдан бастап 4 балалы болғандарда мұның бірі жоқ», - дейді Қожахмет.

Ләззат Қожахмет төртінші баласын 2017 жылдың 11 қарашасында дүниеге әкелген. 41 жасында босанған ана денсаулық жағдайына байланысты бірден жәрдемақыға құжаттар тапсыруға мүмкіндігі болмайды. Сәбиін «қырқынан шығарып», өз-өзіне келгеннен кейін, 2018 жылдың 5 қаңтарында көпбалалы ана статусын алу үшін Халыққа қызмет көрсету орталығына келеді. ХҚКО-ның қызметкерлері ананың кешігіп қалғандығын айтады.

«Төртінші балада ана денсаулығына келетін қауіп көбірек болатындығы медицинада дәлелденген. Оның үстіне жасым 40-тан асқан. Сәбиімнің салмағы да үлкен болды. Жамбасым ашылып кетті. Бір сөзбен айтқанда жүру қиын болды. Жалпы бала туған әйел жүгіріп барып жәрдемақыға құжаттар тапсырмайды ғой. Мен де балам қырқынан шыққан соң, 2018 жылдың алғашқы күндерінде құжат тапсыруға бардым. Бірақ маған кешігіп келгендігімді айтты. Содан кейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне хат жаздым. Маған олардың кеңсесінен хабарласып, «Сіз білесіз бе, көпбалалы отбасылардың отыз пайызына бұл ақша керек емес. Олар тіпті құжаттарын да тапсырмайды. Сондықтан да біз бұл жәрдемақының орнына атаулы әлеуметтік көмек енгіздік» деп, құжаттарыды сондай тапсыру керектігін айтты» - дейді көпбалалы ана.

2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап төрт және одан көп кәмелеттік жасқа толмаған балалары бар отбасыларға төленетін арнаулы мемлекеттік жәрдемақы алынып тасталып, оның орнына атаулы әлеуметтік көмек жүйесі енгізілген. Атаулы әлеуметтік көмек ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50 пайызынан төмен төмен отбасыларға немесе азаматтарға шартсыз және шартты ақшалай көмек түрінде тағайындалады.

«Бірақ бұл жәрдемақыны да ала алмадым. Себебі жаңа формат бойынша әлеуметтік көмек алатын отбасының табысы жан басына шаққанда ең төменгі күн көріс деңгейінен, яғни 50 пайыздан төмен болу керек. Ал біздің отбасындағы кіріс отбасы мүшелеріне шаққанда ең төменгі күн көріс деңгейінен 300 теңгеге көп»,- дейді 4 баланың анасы.

Ләззат Қожахмет көпбалалы отбасылардан ақша үнемдеуге не себеп болғандығын түсінбейтіндігін айтады.

«Маған қазақтар көбейіп кеткендей көрінеді. Əйтпесе, Үкімет 4 балаға берілетін он мың теңге жəрдемақыны алып тастай ма? Яғни, Қазақстанда төрт балалы отбасылар көбейіп кеткен. Өткен жылдан бастап бес баласы барларға ғана 10 мың теңге жəрдемақы тағайындалады. Əйелдер үйде отырып «миллионер» болмасын дегені шығар. Қазақстанның ешбір заңында қазір «көпбалалы отбасы» деген статус жоқ. Бəрін алып тастаған. Еліміздің байлығы сарқылды ма? Әлде қазір көпбалалы аналар көп пе? Әйтпесе көп балалы отбасыдан ақша үнемдеу мүмкін бе, айтыңызшы? Мен 10 мың теңге жәрдемақыға қарап тұрған жоқпын. Тек «көп балалы ана» деген статусымды алғым келеді. Мен секілді төрт баласы бар ана ХҚКО-дан «көп балалы» деген анықтама ала алады,ал мен неге ала алмаймын. Ананың анадан несі кем, несі артық? Көп балалы деген статусымды қайтарып беріңіздер. Мен үшін ол – мәртебе, үлкен мақтаныш. Алла көпсінбесін, маған осы атақ та жеткілікті», - дейді ашынған ана.

Жібек Мұқашева