Коронавирус жұқтырған балалар жиі тіркеле бастады - педиатр

0
711

Мамандар қазіргі уақытта балаларды коронавирустан қорғаудың нақты құралдары жоқ екенін айтады.


Коронавирус жұқтырған балалар жиі тіркеле бастады - педиатр

ERNUR.KZ. Егер пандемияның басында балаларда коронавирус көп жағдайда жеңіл немесе асимптоматикалық түрде жүрсе, вирустың жаңа штамдарының пайда болуымен ауру күшейе бастады. COVID-19 белгілері және оның балаларда қалай әсер ететіні жөнінде педиатр, инфекционист, медицина ғылымдарының докторы, С.Д. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ балалар инфекциясы кафедрасының профессоры Лəззат Ералиева айтып берді, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Педиатрдың айтуынша, әлемде COVID-19 вирусының ауыр түрімен ауыратын балалар жиі тіркеле бастады. Бұл жаңа агрессивті және жұқпалы КВИ штамдарының пайда болуымен байланысты.

«Ковидті тудыратын SARS-CoV-2 вирусы баланың денесіне ауа тамшылары немесе байланыс арқылы (заттар арқылы) енеді. Балалардағы COVID-19-дың алғашқы белгілері ересектер секілді, инфекция жұққан соң орта есеппен бір аптадан кейін пайда болады. Иммунитеті әлсіз балаларда инкубациялық кезең 2-3 күнге дейін қысқарады. Бастапқы кезеңде ауру қарапайым суық тигенге ұқсайды: тамақ ауырып, мұрын бітеледі және дене температурасы жоғарылайды», - деп түсіндірді Ләззат Ералиева.

Оның айтуынша, келесі 2-3 күн ішінде алдыңғы белгілерге жеңіл жөтел, әлсіздік, тәбеттің жоғалуы, кеудедегі ауырсыну, ентігу және үлкен дәреттің сұйық болуы қосылады.

КВИ-дің аса ауыр ағымы бір жасқа дейінгі балаларда және созылмалы патологиялары мен қосымша аурулары бар 15 жастан асқан жасөспірімдерде байқалады.

«Әдетте, балалар ауырғаннан кейін 7-11 күнде қалыпқа келе бастайды. Балада COVID-19-ға тән алғашқы белгілер пайда болған кезде бірден педиатр дәрігерін шақыру керек. Ең бастысы мынаны есте сақтаңыз: балаға өз бетінше диагноз қоюға, өз бетінше емдеуге және өзге де белгілердің пайда болуын күтуге мүлдем болмайды!» - деп атап өтті медицина ғылымдарының докторы.

Ол қазіргі уақытта балаларды коронавирустан қорғаудың нақты құралдары жоқ екенін айтты.

Балаларды вирустан қорғаудың жалғыз әдісі – ересек тұрғындарды вакцинациялау және жұқтырғандармен байланыста болмау.