Қазіргі кезде зардап шеккендер ауруханада жатыр.
ERNUR.KZ. Қостанайда техникалық құдықтан улы газға уланып қалған екі жұмысшы шығарылды, деп жазады ҚазАқпарат.
Ведомствоның хабарлауынша, 16 тамыз күні сағат 22:41-де Қостанай облысы ТЖД-ның жедел-құтқару жасағы кезекші бөліміне төтенше жағдайдың куәгері болған азаматтан қоңырау түскен.
«Қостанайдың сауда кәсіпорындарының бірінің ашық аумағындағы кәріз тазарту құдығында ес-түссіз жатқан 1990 және 1991 жылғы екі жұмысшы табылды. Тұндырғыны тазарту кезінде зардап шеккендер улы газдың құрбаны бола жаздаған», - деді ТЖД өкілі.
8 минуттан кейін, 22:49-да құтқарушылар барлық жабдықтармен оқиға орнына жеткен, тыныс алу аппаратын киіп, арқанның көмегімен құдыққа түскен. Екі-үш метр тереңде жатқан жұмысшылар құтқарылды.
«Аммиак және күкіртсутекпен уланғандардың жағдайы ауыр болды. Олардың біреуіне құтқарушылар дәрігер келгенге дейінгі алғашқы көмек көрсеткен, әрі қарай екеуі де дәрігерлерге тапсырылды. Қазіргі кезде зардап шеккендер ауруханада жатыр, жағдайы қанағаттанарлық», - деп қорытты ведомстводан.