Облыстың төтенше жағдайлар департаменті баланы құтқарған ер адамды іздеп тапты. Ол Евгений есімді 27 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты.
ERNUR.KZ. Қостанай облысы төтенше жағдайлар департаменті баланың өмірін құтқарып қалғаны үшін облыс орталығында тұратын 27 жастағы жігітті марапаттағалы жатыр. Бала ата-анасы үйінде болмаған кезде екінші қабаттан құлай жаздаған, деп жазады sputniknews.kz.
25 мамырда жас жігіттің көпқабатты үйдің терезесінде тұрған баланы құтқарған сәті түсірілген видео әлеуметтік желіде тез тарады.
Видеода қаладағы көпқабатты үйлердің бірінде екінші қабаттың терезесінде бес-алты жас шамасындағы баланың тұрған сәті түсірілген. Салқындатқыштың үстінде терезеге арналған тор жатыр.
Баланың терезе алдында тұрғанын байқаған тұрғындар санаулы минутта оқиға орнына жинала кеткен. Жиналғандардың ішінде жас жігіт баланы құтқару үшін газ тұрбасы арқылы жоғары көтеріліп, қайғылы жағдайдың алдын алды.
Куәгерлердің айтуынша, құтқару операциясы мұнымен аяқталмаған. Ол баланы қолына алып, терезе арқылы пәтер ішіне кірген.
Оқиғадан бірнеше сағат өткен соң әлеуметтік желідегі видеоны көрген облыстың ТЖД қызметкерлері құтқарушыны іздеп тапты. Ол Евгений есімді 27 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты. Оны оқиғаға бей-жай қарамағаны үшін және ерлігі үшін марапаттағалы жатыр.
Сонымен қатар құтқарушылар төтенше жағдай кезінде үйде үлкендердің болмағанын анықтады. Пәтерде құтқарылған баланың ағасы ғана болған, алайда оқиға кезінде ол ұйықтап жатып, ештеңе естімеген.