Қостанайлық полицейлер зейнеткердің өмірін сақтап қалды

0
1 192

Қашар полиция бөлімшесі қызметкерлері 77 жастағы зейнеткер әйелді құтқарып әрі үйдегі өрттің алдын алды.


Қостанайлық полицейлер зейнеткердің өмірін сақтап қалды

ERNUR.KZ. Рудный қаласының полицейлері жалғызбасты зейнеткерді құтқарып, өрттің алдын алды, деп жазады inform.kz.

Облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, 6 мамыр күні Қашар кентінің тұрғындары полицейлерді көмекке шақырған. Тиісті мекенжайға барған учаскелік полиция инспекторлары Ерлан Қозыбаев пен жол-патрульдік полиция ротасының сержанты Талғат Ерғалиев пәтердің есігі ішінен жабылғанын және одан түтін шығып жатқанын көрген.

«Көршілер пәтер ішінде жалғызбасты зейнеткер әйел тұратынын айтқан. Тәртіп сақшылары бірден өрт сөндіру және жедел жәрдем қызметін шақырды. Өздері 5-қабатқа шығып, балкон есігін бұзып, пәтерге кірген. Асханада ес-түссіз жатқан егде әйелді көреді. Сол уақытта ас үй пешіндегі қазаннан түтін шығып жатты»,- деп түсіндірді Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Ирина Беженарь.

Кейін белгілі болғандай, 77 жастағы зейнеткер қазанды пешке қойғаннан соң өзін жайсыз сезінген. Дәрігерлер әжейдің сол уақытта инсульт алғанын растады.

Осылайша, Қашар полиция бөлімшесі қызметкерлері көппәтерлі үйдегі өрттің алдын алды. Зейнеткерге дер уақытында медициналық көмек көрсетілді.