Кредитін кешіргенін қалайтындар көп: Қазақстандықтардың қарызы тағы да кешіреле ме

0
2 655

Карантин кезінің өзінде 1 трлн теңге кредит алынған.


Кредитін кешіргенін қалайтындар көп: Қазақстандықтардың қарызы тағы да кешіреле ме

ERNUR.KZ. Былтыр президент жарлығымен 500 мыңнан аса адамның несиесі кешірілді. Алайда, бұл азаматтарға сабақ болмаған, тағы да банк алдында борышкер атанған. Енді қайтадан үкіметке үміт артып отыр. Халықтың несиесін тағы да кешіру керек пе, билікте жеткілікті қаражат бар ма? Қаржылық сарапшылар осы сұрақтарға "Еуразия бірінші" арнасындағы Basty Prime бағдарламасында жауап берді, деп жазады Stan.kz.

Несие кешіріле ме? Дәл қазір осы сұрақ бәрімізді алаңдатады. Халықтың дені кредитте отыр. Қарызды қайтару заманның түзу кезінде оңай болмап еді, бүгінгі дағдарыс дендеп тұрған уақытта тіптен қиындап кетті. Оның айқын бір айғағы несие кешірілсін деген талаппен өткен бірнеше митинг, ақ ордаға петиция ретінде тапсырылған 100 мың адамның қолы. Осыдан-ақ мәселенің масштабын бағамдай беріңіз. Есте болса былтыр, Президенттің жарлығымен тұрмысы төмен отбасыларды қолдау мақсатында қазынадан 105 млнрд тг бөлініп, 500 мыңнан аса адамның кредиті кешіріліп еді. Экономистердің айтуынша көпшілік содан сабақ алмаған, қайтадан банкке барып несие алған. Үкімет жауып береді деген үмітпен. Бірақ бұл тұста кредитті ел еріккеннен алмайтыны ақиқат екенін естен шығармайық. Мұқтаждықтың салдары ғой.

Кредитін кешіргенін қалайтын азаматтардың қатары көп, бірақ олардың дені ашық айтудан қашады. Телеарна тілшілеріне тек бір азамат қана бұйымтайын айтуға келіскен.


"Үйімді жөндеуге кредит алдым. Ай сайын төлейтінім 100 мыңның шамасы. Карантин басталды, ақысыз демалысқа кеттік. Міне бірнеше ай болды жұмыссыз отырмын. Қарызды қайтаруды қайда, нан-шәйді әрең тауып отымыз. Бұл мені ғана проблемам емес, қазір жұрттың бәрі, жұмыссыз қалғандардың бәрі осы күйді кешіп отыр", - деді Артем Кузнецов.


Осы жағдайға байланысты қоғам белсенділері де пікір білдірді.


"Халыққа қолдау көрсету керек, міндетті түрде. Егер ол көрсетілмесе үлкен жағдарысқа әкеледі. Ол экономикалық ғана емес, сонымен қатар саяси дағдарысқа әкеледі", - деді қоғам белсенісі Азаматхан Әміртай.


"Несиені кешірсе халық билікті жақсы көріп кетеді деген бір ертегі бар. Олай емес, бір кешірсе, тағы да кешіреді деп ала береді", - деді Евразиялық интеграция институның сарапшысы Самат Нұртаза.


Мәселен былтыр 507 мың адамның тұтынушылық несиесіне рақымшылық жасалды. Ол 105 млрд теңгеден асатын сома. Ал билік биыл сондай қадамға бара ала ма?


"Дәл қазіргі уақытта үкіметте осы мәселені жауып тастайтындай қаражат жоқ екенін атап өткім келеді", - деді экономист Мақсат Халық.


Жалпы, Қазақстанда 9,23 млн адам экономикалық белсенді саналады. Олардың ішінде 1,7 млн адам мүлде несие алмаған. Олар - 17-22 жас аралығындағы жастар мен 45 жастан асқан егде адамдар.

Ал еліміздің қалған 7,5 млн азаматының банктер мен қаржы ұйымдарының алдында берешегі бар. Ұлттық банк мәліметінше бұл қазір шамамен 6,8 трлн теңге.

Несие бюросындағылар кепілсіз несие алғандардың берешегі адам басына шаққанда 300 мыңнан аспайды дейді. Бұл ретте экономист Мақсат Халық кредит мәселесінде қалыптасқан әлеуметтік әділетсіздік бар деп пайымдайды.


"Несиесі жоқ адамдардың үйінің алдына дейін жол салынуы керек еді. Немесе баласына балабақша салынуы керек еді. Ал оның орнына белгілі бір басқа адамдардың тойға алынған несиесін немесе жаңа айфонды алған несиесін жауып береді", - дейді ол.

Дегенменде, жұмыстан айырылғандар үшін қандайда бір қолдау шарасы болуы керек.


"Адамның жұмыстан айырылғаны банктің проблемасы емес. Сондықтан да банк өзінің пайызын талап етеді. Бұл жерде "арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей" әрекет ету үшін мемлекет пайызды төмендетуі керек деп есептеймін", - деді Евразиялық интеграция институның сарапшысы Самат Нұртаза.


"Бір жолы бар. Ол, мысалы, карантин уақытында ешқандай несиеге пайыз төленбейтіндей мораторий жариялау керек. Жағдай қиын, жұмыссыз қалған отбасылардың несиесін кешіріп беру керек", - деді қоғам белсенісі Азаматхан Әміртай.


Әсілінде, кез келген нарықтық мемлекетте несиені кешіре салу деген еген болмайды. Дегенмен, оны жеңілдетудің шарты болу керек.


"Бұл ретте қарыз алушының қаржылық жағдайы есептеле отырып, оның қаржы жүктемесі қайта қаралып, қарызды өтеудің жаңа кестесі жасалады. Бірнеше айдың төлемдерін бір төлеммен жабудың орнына олардың кейінгі бірнеше айға бөліп өтеу мүмкіндігі шектелмеген. Төлемдерді кейінге қалдырудан басқа қарыз жүтемесін жеңілдететін комиссиялар мен басқа төлемдерді, айыппұлдар мен өсімпұлдарды азайтуға немесе толық жоюға болады", - деді ҚР қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің бөлім башысы Айдынбек Сандыбаев.


Экономикалық шолушы Денис Кривошеев күзде рецессия орын алуы мүмкін деп ойлайды. Сәйкесінше, халықтың төлем қабілеті тағы да төмендеп, несие нарығындағы ахуалға салқынын тигізеді. Ол жеке тұлға банкроты механизмін енгуді ұсынды.


"АҚШ-та жеке тұлғаның банкроты деп аталатын процедура бар. Яғни, кредит төлей алмаған адамда қарызын қайтаратын еш мүмкіндік қалмаған жағдайда соттың шешімімен банкрот деп танылады. Оның төлей алмайтыны дәлелденген жағдайда борышкердің жалғыз баспанасын тартып алмайды. Бөліп төлеу, жалпы қарызын қайтару жолдары қарастырылады. Уақыты созылады. Оған қысым жасалмайды", - деді Денис Кривошеев.


Жеке тұлға банкроты туралы кезінде елбасы да айтқан, көптеген экономистер де көтерген. Бірақ бұл механизм институт ретінде ақша-несие нарығына әлі енген жоқ. Күдік басым, себебі жұрт несие алып, ертесіне банкрот бола салады дейді мамандар.

Сарапшылардың сөзінше тұрмысы төмен, жұмысы жоқтардың несиесін жаба салудың ауылы алыс. Бірақ, кредит алу азаймаған. Карантин кезінің өзінде 1 трлн теңге кредит алынған.