«Күнделіктен» қауіп бар ма: 4 миллион оқушының жеке мәліметі шетелдік компанияға берілген

0
517

«Күнделік» барлық мектепте 2030 жылға дейін қолдануға міндетті жалғыз электронды жүйе.


«Күнделіктен» қауіп бар ма: 4 миллион оқушының жеке мәліметі шетелдік компанияға берілген

ERNUR.KZ. Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров мектеп оқушыларына арналған «Күнделік» жүйесінің олқылықтарын Парламент төрінде көтерді, деп жазады ҚазАқпарат.

Бұл жөнінде депутат Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға, Бас Прокурор Берік Асыловқа сауал жолдады.

«Электронды қызмет көрсете алатын бір емес, бірнеше отандық компанияның болуына қарамастан, сарапшылардың айтуынша, сол кездегі заманын қонышынан басқан топтардың қысымымен құзырлы орган 4 миллион қазақстандық оқушының жеке мәліметтерін жинау, сақтау және өңдеу қызметін ешқандай іріктеу мен байқаусыз, шетелдік компанияға 12 жылға беріп жіберген. Нәтижесінде, бұл салада шетелден басқарылатын қолдан жасалған монополия пайда болды», - деді Ерлан Сайыров Мәжілістің жалпы отырысында.

Оның айтуынша, сыртқы монополия күшімен Қазақстанның барлық балалары, мұғалімдері мен ата-аналары (жалпы саны 7 миллион адам) мемлекет пайдалануға міндеттеген «Күнделіктен» күнделікті жағымсыз жарнама көруге мәжбүр.

«Соның ішінде этика мен ұлттық дәстүрге жат, сананы улайтын, жалаңаштанған, нәпсі мен ойынның жарнамасы көп. Бұл жөнінде ақпарат құралдары үнемі дабыл қағуда. Мектеп оқушыларын жағымсыз жарнама қарауға міндеттеп, сол арқылы шетелдік монополияны байытуға жол берген заң немесе мемлекеттік-жекешелік әріптестік әлемнің бірде-бір елінде жоқ. Бұл аз болғандай, «Күнделік» жүйесі «Ұлттық ақпараттық технологиялар» атты мемлекеттік мекеменің серверлерін пайдаланады және ол үшін Оқу-ағарту министрлігі жыл сайын 800 млн теңге қаржы төлейді деген ақпаратты Бас прокуратура тексеруі қажет», - деді депутат.

«Күнделік» барлық мектепте 2030 жылға дейін қолдануға міндетті жалғыз электронды жүйе.

«Ол мәліметтер жоғалса, жарнама берушілерге сатылса немесе астыртын зиянды жолмен қолданылса, кім жауап береді? Бұл сала монополиялық реттеуге мүлде жатпайды, сондықтан бәсекелістік болуы шарт. Жақында тура осындай шетелдік қызмет болып саналатын «Яндекс таксидегі» ересектердің жеке мәліметі мәселесі қоғамда қызу талқыланды. Ал «Күнделік» - біздің балаларымыздың жеке мәліметіне қол сұғып, рухани келбетіне кері әсер ететін, ұлттық қауіпсіздіктің тамырына балта шабуға қабілетті терең проблема. Балалардың санасы мен ұлттың ертеңіне төнген қауіпті ескеріп, Үкімет шұғыл әрекет етуі қажет», - деді Ерлан Сайыров.