Қылмыстық кодекске "Мал ұрлығы" деген жеке бап енгізілді

0
1 013

Осыған сәйкес малды жайылымға бақылаусыз жіберуге тыйым салынды.


Қылмыстық кодекске

ERNUR.KZ. Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз мал ұрлығына қарсы күрестің тиімділігін арттыру үшін заңнамалық, ұйымдастырушылық және практикалық шара қабылданып жатқанын жариялады, деп жазады inbusiness.kz.

Оның сөзінше, министрліктің бастамашылдығымен жергілікті атқарушы органдарға мал жаю қағидасын әзірлеу және бекіту құзыреті берілді. Осыған сәйкес малды жайылымға бақылаусыз жіберуге тыйым салынды.

"10 айда малды бақылаусыз жайылымға жіберу фактісіне қатысты 36 мыңға жуық әкімшілік хаттама толтырылды", – деді ресми өкіл.

Нұрділдә Ораз Қылмыстық кодекске "Мал ұрлығы" деген жеке бап енгізілгенін мәлімдеді.

"Қылмыстық кодекстің мал ұрлығына қатысты жаңа бабы қылмыс жасаған адамның мүлкін тәркілеп, 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі ең жоғарғы жазаны көздейді. Осы бап негізінде үй-жайларға кіріп, мал ұрлайтындарға жаза күшейтілді. Сондай-ақ бұл бап ұрылардың жәбірленушілермен татуласу арқылы жауапкершіліктен жалтаруына жол бермеуге және ұрлықтың алдын алуды күшейтуге мүмкіндік берді. Мал ұрлығының ұйымдасқан түрімен күресу үшін өңірлерде жедел-іздестіру топтары жұмыс істейді. Олар мал базарлары мен мал сою орындарында арнайы рейд ұйымдастырады", – деді ресми өкіл.

Нұрділдә Ораздың айтуынша, жыл басынан бері полиция 800-ден астам мал ұрлығын әшкерелеп, 112 қылмыстық топты ұстады. Ұрланған 7 мың малдың 4 мыңға жуығы табылып, иелеріне қайтарылды.