Жиналғандар Қазақстан президенті, Сыртқы істер министрлігі мен "Нұр Отан" партиясынан туыстарын босатып алуға көмектесуін сұрады.
ERNUR.KZ. Алматыда қазанның 17-сі күні Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы (бұдан ары Шыңжаң) Іле Қазақ автономиялық облысына қарасты Тоғызтарау ауданынан көшіп келген бір топ қазақ баспасөз мәслихатын өткізді.
Жиналғандар Қытайдағы "саяси үйрену орталықтарында" қамауда отырған туыстарын босатуға көмек сұрады.
Жиынды ұйымдастырушылардың бірі Сейітмұханбет Шежімбектің айтуынша, бұған дейін олар баспасөз мәслихатын "Уют" қонақүйінде өткізбек болған. Бірақ кейін қонақүй әкімшілігі айнып, жиын өткізуге рұқсат бермеген.
Баспасөз мәслихатына жиналғандардың айтуынша, қамаудан босаған туыстары жергілікті билік Тоғызтарау ауданындағы мектеп, аурухана сияқты әлеуметтік мекемелерді "саяси үйрену орталықтарына" айналдырып жатыр деген. Жиналғандар Қазақстан президенті, Сыртқы істер министрлігі мен "Нұр Отан" партиясынан туыстарын босатып алуға көмектесуін сұрады.
Соңғы айда Шыңжаңның түрлі аудандарынан Қазақстанға көшіп келген қазақтар Алматыда кезек-кезек баспасөз мәслихатын өткізіп, Қытайда қамалған туыстарын босатуға биліктен және халықаралық қауымдастықтан араша сұрап келеді. Қыркүйектің соңында Шыңжаңның Мұңғылкүре ауданынан көшіп келген қазақтар өткізген жиында прокуратура өкілдері келіп, мұндай жиын өткізуге болмайтыны туралы ескертіп кеткен.
Қытайда жергілікті қазақтардың қысым көріп жатқаны туралы 2017 жылдың сәуір айынан хабарлана бастаған. Былтыр Астанада өткен Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы кезіндееуропалық қазақ Өмірхан Алтын бұл мәселені Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың алдында көтерген.
Биыл мамыр айында Қазақстан сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов "Қазақстан азаматтығын алғаннан кейін "Қытай азаматтығынан шығу заңдылығын бұзған болуы ықтимал" деген күдікпен Қытайда ұсталған этникалық қазақтар туралы журналистер сауалына жауап берді.
Министр жауабында: "Бізде дәл қазір 170-тей этникалық қазақ туралы мәлімет бар. Әрбір адам бойынша жұмыс істеп жатырмыз" деп айтқан. Бұдан бөлек, Қытайда қамауда болған бірнеше азаматтың босап шыққаны белгілі болған.
Қытайдағы этникалық азшылық өкілдерінің "саяси лагерьлерге" жаппай қамалуы жайлы халықаралық адам құқығын қорғау ұйымдары мен әлемдік баспасөз жазып келеді. Тамызда The Financial Times газеті Қытайдан Қазақстанға қашып өткен этникалық қазақ Сайрагүл Сауытбайдың хикаясынбаяндап, Шыңжаңдағы қуғын-сүргін туралы мақалаға жазған. Қытайдың Ұлыбританиядағы елшісі Лю Сяомин мақалаға жазған жауап хатында басылым дерегін "жұртты шатастыратын ақпарат" деп, Шыңжаңда этникалық топ өкілдерінің қудаланатынын терістеген.
Дереккөз:centralasian.org/a/