Қытайлық ұшақ Қазақстанда улы заттар шашып жүргені рас па

0
856

Жерден көзге көрінетін құбылыс ұшақтан кейін қалатын конденсациялық із.


Қытайлық ұшақ Қазақстанда улы заттар шашып жүргені рас па

ERNUR.KZ. WhatsApp әлеуметтік желісінде Алматыда «қытайлық ұшақ химиялық радиоактивті заттар шашып жүргені туралы аудиожазба тарап жатыр. Бұған дәлел ретінде flightradar24 сайтынан жасалған скриншот ұсынылған. Суреттегі картада ұшақтың ұшу бағыты көрсетілген, деп жазады ҚазАқпарат.

Stopfake.kz сайтының мәліметінше, бұл хабарлама – жалған.

Шын мәнінде, аудиожазбамен бірге таратылып жүрген суретте катарлық Qatar Airways әуе компаниясының «Бейжің – Доха» бағытында тұрақты рейс жасаған азаматтық жолаушылар ұшағы бейнеленген. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Stopfake.kz сайтына бұл ақпаратты растаған.

«Qatar Airways әуе компаниясының тіркеу номері A7-BAL «Бейжің – Доха» бағытындағы тұрақты рейсі Боинг-777 әуе кемесімен 2020 жылғы 13 қыркүйекте орындалды. Борт ҚР әуе кеңістігіне RULAD нүктесі арқылы сағат 06:08-де кірді және сағат 06:46-да SULET нүктесі арқылы ҚР әуе кеңістігінен шықты. ҚР әуе кеңістігін кесіп өту кезінде әуе кемесінің ұшу биіктігі 11 мың метрді құрады. Бұл рейс күн сайын орындалады», – деп хабарлады министрліктен.

Сонымен қатар салалық ведомство «ұшақтан химиялық заттар шашылғаны» туралы ақпаратты ресми түрде жоққа шығарды: «Мұндай биіктікте қандай да болмасын химиялық заттарды шашу мүмкін емес. Сондай-ақ, әуе кемесінің бұл түрі ондай жұмыстарды жүргізу үшін жабдықталмаған».

Flightradar24 сайты 13 қыркүйекте таңертең жолаушылар ұшағы сағат 03.50 Бейжіңнен ұшып шығып, жергілікті уақыт бойынша сағат 7.31 Катар астанасы Доха қаласына қонғанын растады. Рейстің номері – QR 8069.

Бейжіңнен Доха қаласына бағыт алған ұшақ Қытай, Моңғолия, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Иран және Катар арқылы ұшады. Ұшу қашықтығы шамамен 6 174 км.

Солайша, WhatsApp-та ұшақтың «химиялық заттар шашқаны» туралы таратылып жатқан ақпарат шындыққа жанаспайды. Ал жерден көзге көрінетін құбылыс ұшақтан кейін қалатын конденсациялық із болып табылды.

Конденсациялық із –ұшақтан кейін аспанда қалатын конденсацияланған ылғалдан пайда болатын із. Ол ауа райы ашық болғанда анық көрінеді. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл тұманнан немесе ұсақ су кристалдарынан туындаған «шлейф». Олар суға қарағанда баяу буланады, сондықтан ақ із аспанда ұзақ уақыт тұрады. Ылғалдылық неғұрлым жоғары болса, жолақтар соғұрлым ұзақ және айқын болады.

Химиотрассалар туралы конспирологиялық теория (аудиохабарлама бұл туралы белгісіз әйел айтады) әлемде бұрыннан белгілі. Бірақ Қазақстанда бұл фейк соңғы кездері кеңінен қолданылуда.

«Коронавирус – бұл өкпедегі, бронхтағы радиоактивті күйіктер», – дейді әйел аудиожазбада.

Еске салайық, COVID-19 – коронавирус тектес соңғы ашық вирустардан туындаған жұқпалы ауру. COVID-19 ауруын тудыратын вирус негізінен жөтел, түшкіру немесе тыныс алу кезінде адамның тыныс алу жолдарынан бөлінетін тамшылар арқылы жұғады. Толығырақ ДДСҰ сайтынан оқуға болады.