LRT құрылысы осындай қазақы дәстүрмен қайта басталды.
ERNUR.KZ. Құран оқылып, құрбандық шалынып, LRT құрылысы қайта басталды. Он жылдан бері елорданың көркін қашырған LRT құрылысы осындай қазақы дәстүрмен қайта басталды. Жұмыс әзірге бір аумақта қызу жүріп жатыр. 22 шақырымнан асатын жеңіл рельсті көлік қозғалысын толықтай аяқтауға әлі бір миллиард доллар қажет, деп жазады Stan.kz.
10 жыл бойы жұмысы тоқтап тұрған ЛРТ-ға арналып құран оқылды, құрбандыққа қой шалынды.
“Сәттілікпен басталып, е, Алла, сәттілікпен аяқталуды өзің нәсіп еткейсің. Бәле-жәле, қауіп-қатерден сақтағайсың. Абырой бергейсің”, – деді имам.
CRACK мердігер компаниясының филиалының директоры Фу Сицзюнь діни қызметкерді шақыру компания басшылығының бастамасы болғанын хабарлады.
“Қазақтарға және мұсылман дәстүрлеріне құрмет көрсете отырып, компания басшылығының бастамасымен мешіт имамы шақырылып, құрылысты одан әрі бастау үшін дұға оқыды,”- дейді Фу Сицюнь.
Имамның дұғасынан бөлек, құрбандық шалу рәсімі де өткізілді. Қойды мешіт маңында бауыздап, құрбандыққа шалған. Ал еті медресеге берілді.
Айта кетейік, қазір тек LRT-нің белгілі бір аймағында қытайлық компания жұмыс істеп жатыр. Қала сиқын қашырып тұрған жоба туралы 2000 жылдары сөз болғанымен, құрылыс 2011 жылы басталған.