​Мамин Chevron өкілімен мұнай-газ машинасын жасау болашағын талқылады

0
1 033

Кездесуді қорытындылай келе, ҚР Үкіметінің басшысы Асқар Мамин мұнай-газ және мұнай сервисі салаларындағы жергілікті өндірісті дамытудың маңыздылығына тоқталып өтті.


​Мамин Chevron өкілімен мұнай-газ машинасын жасау болашағын талқылады

ERNUR.KZ. ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин Еуропа, Еуразия және Таяу Шығыстағы Chevron барлау және өндіру жөніндегі президенті Тодд Левимен кездесзді өткізді деп жазады primeminister.kz.

Кездесу барысында мұнай-газ саласындағы бірлескен жобаларды іске асыру аясында ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері талқыланды. Chevron компаниясы Қазақстанның мұнай өндіру саласындағы ірі серіктестерінің қатарында, Теңіз, Қарашығанақ жобаларына, Каспий Құбыр Консорциумы мұнай құбырын кеңейтуге қатысады. 2018 жылы ТШО мұнай өнімдерінің көлемі 28,6 млн тоннаны құрады.

"Тодд Леви биыл мұнай өндіру бойынша жоспарлы көрсеткіштер асыра орындалатынын айтты. Өз кезегінде, Болашақ кеңейту жобасын - сағалық қысымды басқару жобасын іске асыру 2022 жылға қарай өндіруді жылына 12 млн тоннаға ұлғайтуға жол ашады. Жобаларды іске асыру мәселелерінде қазақстандық қызметкерлер үлесін ұлғайтуға ерекше көңіл бөлінген. ТШО кеңейту жобасына 45 мыңнан астам қазақстандық тартылған, бұл қызметкерлердің жалпы санының 91% құрайды", - делінген таратылған ақпаратта.

Кездесуді қорытындылай келе, ҚР Үкіметінің басшысы Асқар Мамин мұнай-газ және мұнай сервисі салаларындағы жергілікті өндірісті дамытудың маңыздылығына тоқталып өтті. Жабдықтар мен техниканы елімізде шығару индустрияландыруды дамытуға қосымша серпін береді және жаңа жұмыс орындарын ашуға жол ашады.

Тараптар ынтымақтастықты жоғары бағалайтындарын айтып, әрекет етіп тұрған жобаларды жалғастырып, жаңа бірлескен жобаларды қолға алу тұрғысынан стратегиялық серіктестікті жалғастыруға ниет білдірді. ҚР-ның экономикалық көрсеткіштерінің өсуі мен инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі тұрақты жұмыстарды ескерсек, өзара іс-қимылды одан әрі кеңейте түсуге үлкен әлеует бар.

Мәселені талқылауға «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы А. Айдарбаев, ҚР энергетика вице-министрі М. Мырзағалиев қатысты.