60 пәтерлік мына көпқабатты үйде тұратын екі отбасы бір күнде қара жамылды.
сурет:kaz.nur.kz
ERNUR.KZ. Маңғыстау облысында уланып қайтыс болған 29 жастағы Шынарай Сүйіндікова мен оның 2 жастағы көршісі Фирузаның денесі жер қойнына тапсырылды. Екеуі де бүргеден құтылмақ болып, пәтерін улаған көршілерінің әрекетінен кейін ауыр жағдайда ауруханаға түскен еді. Қазір төрт адам жұқпалы аурулар ауруханасында жатыр, деп жазады ktk.kz.
60 пәтерлік мына көпқабатты үйде тұратын екі отбасы бір күнде қара жамылды.
Осындағы тұрғындардың бірі пәтеріндегі бүргеден құтылам деп жүргенде, көршілері ажал құшқан. Ғаламтордағы хабарландыру арқылы тапқан «Таракан-нет» деп аталатын компанияның қызметінен соң, алты адам бірдей ауруханаға түсіп, екеуі қайтыс болды.
Дүйсенбай Сәрсенбай, Ақтау қаласының тұрғыны:
- Таңертең тұрғанда келінім қатты қысылып жатыр екен. Жедел жәрдем келіп укол салды. Келінімнің жағдайын көріп, есімнен танып құлап қалдым.
Сараптама нәтижесі марқұмдардың токсикологиялық уланудан қайтыс болғанын растапты. Қызмет көрсетуші компания өкілдері бүргеден дәрі-дәрмек арқылы құтылмақ болған. Мамандар, дәрі ауамен реакцияға түскен кезде улы газ бөлінген болуы мүмкін дегенді айтады. Дезинфекция жұмыстарын жүргізуге тапсырыс берген қожайын болса, сол мезетте пәтерінен екі тәулікке кетіп қалыпты. Қазір ол ешқайда кетпеу туралы қолхатпен бостандықта жүр.
Рашид Қуандықов, Мұнайлы аудандық полиция бөлімінің бастығы:
- Ал улау жұмысын жүргізген компания өкілі ұсталып, қамауға алынды. Осы оқиға бойынша «абайсызда адам өлтіру» деген баппен қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, кінәлі адамдар жауапқа тартылады.
Ауыр жағдайда ауруханаға түскен төрт науқастың біреуі, яғни қайтыс болған кішкентай Фирузаның анасы ғана қазір ем алып жатыр. Жағдайы да жақсарып қалған, жақында үйіне шығуы мүмкін. Ал Фируза улау жұмыстары жасалған жерге екінші рет бармағанда, оны аман алып қалуға болар еді, - дейді дәрігерлер.
Шаяхмеден Берқалиев, Маңғыстау облыстық жұқпалы аурулар орталығының жетекшісі:
- Өкінішке қарай, бүлдіршінді аман алып қала алмадық, болжам бойынша ол қауіпті жерге екінші рет барған. Әжесінің іс-әрекеті болмағанда тірі қалар ма еді?! Ол қарсы болса, біз ауруханаға қалай күштеп жатқызамыз?
Үлкен кісі баланың жағдайы жақсы, үйге алып кетем деп қолхат жазып тастап кетті. Бұл жағдайдан кейін 120 адам қауіпсіз жерге көшіріліп, көпқабатты үй түгелдей қоршауға алынды. Улы зат әбден кетпейінше тұрғындардың өз пәтерлеріне кіруіне рұқсат жоқ. Ал, олар аудандық әкімдік ұсынған уақытша пәтерден бас тартып, тумаларына кеткен. Айта кетейік, бұл осы өңірдегі алғашқы жағдай емес. Екі жыл бұрын жәндіктерді сірке қышқылы қосылған хлормен уламақ болған көршілерінің кесірінен 2 бала өлген еді. Санитарлардың айтуынша, дезинфекция қызметін көрсететін мекемелер қазір еш жерде тіркелмейді. Ал олардың немен улап жатқандарын ешкім де білмейді.