Ер адам танысына пәтерін жәндіктерден залалсыздандыру қызметін ұсынып, бөлмені Қазақстанда қолдануға тыйым салынған бірінші санатты "Квикфос" уымен өңдеген.
ERNUR.KZ. Маңғыстау облысында дезинсекциядан кейін екі адамның өліміне себепкер болған ер адам сотталды, деп жазады tengrinews.kz.
Прокуратура мәліметінше, ер адам танысына пәтерін жәндіктерден залалсыздандыру қызметін ұсынып, бөлмені Қазақстанда қолдануға тыйым салынған бірінші санатты "Квикфос" уымен өңдеген.
"Нәтижесінде ауаға түссіз улы алюминий фосфиді газы таралып, соның салдарынан көрші пәтердің тұрғындары жасөспірім қыз бен оның анасы уланып, қайтыс болды. Осылайша бір адамның абайсыздығынан екінші адам әйелі мен қызынан айырылды", - делінген хабарламада.
Ер адам ҚР ҚК-ның 304-бабы 3-бөлігі бойынша екі адамның өліміне әкеп соққан санитарлық ережелер мен гигиеналық нормативтерді бұзғаны үшін бес жылға бас бостандығынан айырылған.