Марадонамен кездескен қазақ баласы желіде жазба жариялады

0
530

Әли Тұрғанбеков Марадонамен кездесіп, онымен бірге алаңда футбол ойнаған еді.


Марадонамен кездескен қазақ баласы желіде жазба жариялады

Екі аяқсыз дүниеге келген қазақстандық Әли Тұрғанбеков футболшы Диего Марадонаның қазасына қатысты жазба жариялады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Әли 2018 жылы кумирімен кездесу туралы естеліктерін жазды.


"Менен қай кездесудің көбірек ұнағаны жайлы сұраған кезде, әрдайым футболдағы аңыз адам Диего Марадонамен болған кездесуді айтамын. Бұл ең алғашқы кездесу еді. Ол маған екі күнін арнады. Ең алғаш жаныма келіп, ол мені қатты құшақтап жібермей ұзақ тұрды. Мені жүз жыл танитын адамдай құшақтаған еді. Аяғын әрең басып жүргеніне қарамастан алаңға шығып, менімен футбол ойнады. Бұл алдын ала жоспарланбаған еді", - деп жазды Әли Instagram парақшасында.




Әли Тұрғанбеков Талдықорған қаласында дүниеге келген. Оның аяғы тумасынан жоқ. Отбасы астанаға көшуге мәжбүр болды, себебі баланың туған жерінде оған жағдай болмады, оны мектепке қабылдамады. Ол футболды өте жақсы көреді. Бала кезінен бері әлемдік футбол жұлдыздары Роналду, Хави, Месси, Лука Модричпен кездесіп, 2019 жылғы Еуропа Суперкубогының алдындағы "Ливерпульдің" жаттығуларын да тамашалап үлгерді. Әли өзінің Диего Марадонамен кездесуді армандайтыныы туралы видео үндеу жолдаған, көп ұзамай оның арманы орындалды. 2018 жылы Әли аты аңызға айналған аргентиналықпен футбол алаңында доп ойнады. Марадона қақпаға доп тепті, ал Әли ол соққан доптарды қағып алуға тырысты. Содан кейін футболшы жейдесіне қолтаңбасын түсіріп, оны Әлиге сыйлады.

Диего Марадона жүрек талмасынан қайтыс болды. Clarin басылымының мәліметінше, оның жүрегі тоқтап, ауруханаға ауыр жағдайда 25 қарашада түскен. Бұрын ол миына қан құйылып ауруханаға түскен, 11 қарашада Марадона жасалған отадан соң үйіне босатылған. Соңғы кездері оның депрессияға шалдыққаны да атап өтіледі.