Мәжіліс депутаттары отандық кәсіпорындарды аралады

0
1 245

Жұмыс сапары аясында Парламент Мәжілісінің депутаттары тұрғындарымен кездесіп Елбасы Жолдауын талқылады


Мәжіліс депутаттары отандық кәсіпорындарды аралады

ERNUR.KZ. ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының аймақтарға сапары жалғасып жатыр. Соңғы бір-екі күнде мәжілісмендер Солтүстік Қазақстан облысы, Түркістан облысы мен Алматы қаласын аралап шықты, деп жазады Baq.kz.

Мәжіліс депутаттары СҚО Аққайың ауданының тұрғындарымен кездесті. Солтүстік Қазақстан облысындағы жұмыс сапары аясында Парламент Мәжілісінің депутаттары Сапар Ахметов, Петр Шарапаев және Берік Оспанов Аққайың ауданына барды. Аудандағы «Полтавское» ЖШС қызметкерлермен, Полтавка орта мектебінің ұжымымен және ауыл тұрғындарымен кездесуде депутаттар Елбасы Жолдауын талқылады.

«Полтавское» ЖШС еңбек ұжымымен өткен іс-шара өнім экспортының көлемін ұлғайту және агроөнеркәсіптік кешеннің әлеуетін іске асыру мәселелеріне арналды. Аталған кәсіпорын соңғы жылдары өңірдегі бидай егін жинау көрсеткіштері бойынша және ет-сүт өнімдерін өндіру бойынша алдыңғы қатарда. Ол үшін кәсіпорында заманауи аграрлық технологиялар мен шетелдік тәжірибелер қолданылуда. Өз міндеттерін жүзеге асыру үшін басшылық мемлекет тарапынан қолдау алып, осының нәтижесінде жыл сайын өндіріс көлемі артып келеді. Мәселен, 2018 жылы кәсіпорын 675 миллион теңге сомасына өнім өндірген.

Кездесуде Мәжіліс депутаты Сапар Ахметов еңбек өнімділігін және ауыл шаруашылығына қатысты қайта өңделген өнімдер экспортын ұлғайту және «Бизнестің жол картасы» бағдарламасын 2025 жылға дейін қолданылу мерзімін ұзартудың нәтижелілігі туралы айтты.

Мұғалімдердің беделі және бюджеттік қызметкерлердің жалақысын көтеру туралы мәжілісмендер Полтавка орта мектебінің ұжымымен кездесуде көтерді.

«Соңғы жылдары білім беру саласында IT-білімді қалыптастыруға, қазақ және ағылшын тілдерін дамытуға ерекше назар аударылуда. Дегенмен, орта білім беру сапасының артуы мұғалімдерге байланысты. Сондықтан, Президент «Мұғалімдердің мәртебесі туралы» Заңды әзірлеуді ұсынды. Педагогтар тікелей оқу процесімен айналысу керек. Осыған сәйкес, келесі жылдың қаңтарынан бастап бюджеттік қызметкерлердің жалақысы 35 пайызға ұлғайтылмақ», - деді Мәжіліс депутаты Берік Оспанов.

Мәжілісмендер атап өткендей, барлық білім беру жүйесінде өзгерістер болады. Барлық оқу орындары білім процесінде Назарбаев Зияткерлік Мектептері және Nazarbayev University оқыту стандартына сүйеніп, мектептер және балабақшалар бейнебақылаумен жабдықталмақ.

Бұнымен қоса, Мәжіліс депутаттары Алматыдағы экспортқа бағытталған кәсіпорын жұмысымен танысты. Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары, «Нұр Отан» партиясы фракциясының жетекшісі Гүлмира Исимбаева, Мәжіліс депутаттары Гүлнар Исканова мен Ольга Шишигина Елбасы Жолдауында айтылған «Инновациялық және сервистік секторларды дамыту» бағыты бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізу мақсатында «ЭФКО АЛМАТЫ» зауытына барды.

«ЭФКО АЛМАТЫ» ЖШС республика аумағындағы ірі май кәсіпорындарының бірі және «ЭФКО» Компаниясының Халықаралық Тобына кіреді.

Кәсіпорын ұжымымен кездесу барысында Гүлмира Исимбаева компанияның бәсекеге қабілетті өнім шығару және оны сыртқы нарыққа жеткізу бойынша жетістіктерін атап өтті.

«Елбасы өз Жолдауында басқа әлемдік өндірушілермен бәсекеге қабілетті болатын және өз өнімдерін экспорттауға қабілетті компаниялар туралы айтқан еді. Сондықтан Мемлекет басшысының қазақстандық өндірушілерді қолдауға бағытталған «Бизнестің жол картасы» бағдарламасын 2025 жылға дейін ұзартуы өте маңызды. Келесі жылы оны жүзеге асыру үшін 50 млрд теңге бөлу көзделген», - деді Гүлмира Исимбаева.

Өндірісті жаңғыртудың және соңғы бірнеше ай ішінде ендірілген жаңа технологиялардың арқасында кәсіпорын жергілікті шикізатты терең өңдеу негізінде жоғары сапалы май өнімін шығаруды ретке келтіре алды. Компания республиканың ішкі қажеттілігін қамтамасыз етумен қатар отандық өнімді экспортқа шығара бастады. Күрделі микроэкономикалық жағдайға қарамастан ҚР Үкіметінің қолдауымен өндіріс пен экспорт көлемін арттыру жоспарланып, ол Қазақстанға 2025 жылдарға қарай Орталық және Орта Азиядағы май өнімінің негізгі жеткізушісі болуына ықпал етпек.

Сапар аясында депутаттар «Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы» АҚ-на барды.
Сондай-ақ, мәжілісмендер Елбасы Жолдауын Сайрам ауданының тұрғындарымен талқылады. Мәжіліс депутаттары Мансұрхан Маханбетов, Сәкен Қаныбеков, Фахриддин Қаратаев және Сергей Звольский Түркістан облысына барды. Депутаттар халықтың түрлі сұрақтарына жауап беріп, мұң-мұқтажын тыңдап, жауапты органдарға жеткізетінін және мәселенің шешімін табуға атсалысатынын атап өтті.