Мәжіліс ратификациялық Заң жобаларын мақұлдады

0
1 246

Рarlam.kz. ​​Мәжілістің жалпы отырысында Палата Төрағасы Нұрлан Нығматулин Президенттің бес әлеуметтік бастамаларына айрықша назар аударды. Екі күн бұрын ғана жарияланған тарихи Үндеудің мәні мен маңызына жан-жақты тоқталған Мәжіліс Төрағасы Парламент Елбасының әлеуметтік бастамаларын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етуге дайын екенін жеткізді.


Мәжіліс ратификациялық Заң жобаларын мақұлдады

Рarlam.kz. Мәжілістің жалпы отырысында Палата Төрағасы Нұрлан Нығматулин Президенттің бес әлеуметтік бастамаларына айрықша назар аударды. Екі күн бұрын ғана жарияланған тарихи Үндеудің мәні мен маңызына жан-жақты тоқталған Мәжіліс Төрағасы Парламент Елбасының әлеуметтік бастамаларын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етуге дайын екенін жеткізді.

-Елбасының әлеуметтік бастамалары бүгінде халқымыздың кең қолдауына ие болды. Себебі, ол бастамалар әрбір азаматқа, әрбір отбасына бұрын болмаған ерекше мүмкіндік жасап отыр. Сонымен бірге, еліміздің дамуына да жаңа серпін берді. Сондықтан, біздің, барша депутаттардың ендігі негізгі міндеті - Президентіміздің осы ірі бастамаларын өз уақытында, сапалы заңдармен қамтамасыз ету,-деді Н. Нығматулин.

Отырыс барысында бірқатар ратификацияланатын заң жобалары депутаттар тарапынан қолдау тапты. Атап айтсақ, Қазақстан мен АҚШ Үкіметтері арасындағы Ауғанстан Ислам Республикасының тұрақтылығы және қайта қалпына келтіру жөніндегі іс-қимылға АҚШ-тың қатысуына байланысты Қазақстан аумағы арқылы арнайы жүктің коммерциялық теміржол транзитін қамтамасыз ету туралы келісімге өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы Заңының жобасы қаралып, мақұлданды. 2017 жылғы 21 қыркүйекте Нью-Йоркте жасалған хаттамаға енгізілген өзгеріс арнайы жүктің және бірге жүретін персоналдың коммерциялық теміржол транзиті үшін өткізу пункттері Қазақстан Республикасынан/Қазақстан Республикасына Ақтау және Құрық порттарымен толықтырылмақ. Сонымен қатар, Қазақстан Үкіметі мен Тәжікстан елдерінің Үкіметтері арасындағы Дипломатиялық өкілдіктердің ғимараттарын салу үшін жер учаскелерін өзара беру туралы келісімді ратификациялау туралы Заң жобасы бар. Келісімге сәйкес Тәжік Тарапы Қазақстан Тарапына Тәжікстан Республикасында Қазақстан Республикасы Елшілігінің ғимараттарын салу үшін Душанбе қаласында И. Сомони даңғылы бойынша 1-ші дипломатиялық ауданында жалпы алаңы 1 га жер учаскесін 49 (қырық тоғыз) жыл мерзімге, жылына 1 сомони мөлшеріндегі жалдау ақысымен өтеулі жер пайдалануға (жалға алуға) береді. Өз кезегінде Қазақстан Тарапы Тәжік Тарапына Қазақстан Республикасында Тәжікстан Республикасы Елшілігінің ғимараттарын салу үшін Астана қаласындағы Ш. Қалдаяқов көшесінің оңтүстігін ала орналасқан жалпы алаңы 1 га жер учаскесін 49 (қырық тоғыз) жыл мерзімге, жылына 1 теңге мөлшерінде жалдау ақысымен өтеулі жер пайдалануға (жалға алуға) береді. Құжатта әрбір Тарап жерге орналастыру және топографиялық-геодезиялық, жобаға сараптама жасау және ғимаратты салу сияқты нақты жұмыс түрлеріне арналған барлық шығыстарды, сондай-ақ оны күтіп-ұстауға және жөндеуге, электрмен, газбен, сумен және жылумен жабдықтауға, байланыс қызметтеріне және болатын мемлекетте қолданылатын нормативтер мен тарифтерге сәйкес жер учаскелерінде басқа да нақты қызмет көрсету түрлеріне арналған шығыстарды өз қаражаты есебінен жүзеге асыратындығын көзделеді.