​Медициналық пойыз дәрігерлері Батыс Қазақстанда онкология ауруларын анықтады

0
1 209

Онкологиядан өзге пневмония, несеп тас аурулары мен өт тас аурулары анықталды.


​Медициналық пойыз дәрігерлері Батыс Қазақстанда онкология  ауруларын анықтады

Иллюстрациялық фото: ашықдереккөзден

«Денсаулық-2019» медициналық пойызының дәрігерлері Батыс Қазақстан облысының станциялары бойынша атқарған жұмыстарын қорытындылады. БҚО мыңнан астам тұрғыны медициналық пойызға келіп, тегін медициналық көмек алды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

«Медициналық пойыз» осы күнге дейін Алматы, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Қарағанды және Ақмола облыстарының шағын аудандарында болды. Қазір ол Батыс Қазақстан облысының 9 шалғай ауданын аралауды аяқтап, Ақтөбе облысына бет алды.

Батыс Қазақстан облысында медициналық пойыз қызметіне 1117 адам жүгінген, 3733 адам тексерістен өткен, оның 134 бала, 187 шағын медицианлық ота жасалған, 90 ЭКГ процедурасы, 694 УДЗ (УЗИ), 116 адам флюорографиядан өткен. Облыста тұрғындар ең көп барған дәрігер терапевт – 530 дәрігерлік қабылдау, 426 адам тексеруден өткен офтальмолог және 413 адам стоматологтың консультациясын алып, 187 тіс жұлынған.

«Окулист пен стоматологқа өте көп адам қаралды. Себебі аудандарда мамандар жоқ, сондықтан гигиена мен стоматология проблемасы бар. Сонымен қатар, онкологиялық аурулар мен пневмония, несеп тас аурулары мен өт тас аурулары анықталды»,- деп атап өтті БҚО пойызының дәрігерлік бригада жетекшісі Дельмира Асанова.

Медициналық пойыз дәрігерлерінің қабылдауына келген пациенттер көрсетіліп жатқан қызметтердің сапасы мен деңгейін ерекше атап, өз алғыстарын білдіріп жатты. Кейбір науқастар медициналық пойыз мамандарына бір жылдан астам уақыт қаралып жүр.
Зейнеткер Татьяна Берхееваның айтуы бойынша бұл жоба тұрғындар үшін үлкен көмек, себебі қалалық емханаға баруға барлығының мүмкіндігі бола бермейді: «Әрине біздің мүмкіндігіміз жоқ, көлік те жоқ. Сондықтан қалаға өте сирек барамыз. Сосын кірген әр дәрігерге бізге жиі-жиі келіп тұрыңыздар деп айтамын. Қызмет жақсы және бізге де өте ыңғайлы. Себебі, шын мәнінде біздің артық қалаға шығатын мүмкіндігіміз жоқ. Мен зейнеткермін, інім мүгедек болғандықтан, біз үшін бұл өте ыңғайлы».
Биыл медициналық пойыз өз жұмысын Алматы қаласынан бастап, жоспар бойынша Қазақстанның барлық облыстарын аралайтын болады. Жоба аясында медициналық көмекке қолы жетпейтін шалғай аудандар мен алыс орналасқан ауылдарының тұрғындарына тегін медициналық және консультативтік-диагностикалық көмек көрсетіледі. Медициналық бригада құрамында терапевт, стоматолог, окулист, маммолог, невропатолог, кардиолог және тағы да басқа дәрігер мамандар бар.
19 тамыз «Денсаулық» медициналық жобасына қосымша «Жәрдем» мамандандырылған медициналық пойызы іске қосылды. Ол Оңтүстік және Батыс Қазақстанның 6 облысының 78 шалғай станциясын қамтиды: оның бағытына Жамбыл, Түркістан, Қызылорда, Ақтөбе, Атырау және Маңғыстау облыстары кіреді. Пойыздар неміс және жапон өндірісінің алдыңғы қатарлы фирмаларының заманауи диагностикалық құрал-жабдықтарымен жабдықталған.
Аппаратуралар пациенттерге қажет болған жағдайда толық жалпы және биохимиялық талдаулар жасауға, ренгенография және флюрографиядан өтуге, ішкі органдарға және қан тамырларына УДЗ- зерттеулер жүргізуге, электрокардиограмма, гастрофиброскопия жасауға және басқа да диагностикалық зерттеулер жүргізуге мүмкіндік береді.
Жоба «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының атынан «Samruk- Kazyna Trust» Әлеуметтік жобаларды дамыту қоры және «Қазақстан Темір Жолы» ҰК» АҚ жанындағы Әлеуметтік жобалар қорымен ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ат салысуымен жүзеге асырылып жатыр.
Пойыз кестесімен www.medpoezd.kz және www.sk-trust.kz/ru ресми сайттарында таныса аласыздар. Қосымша ақпарат алу үшін келесі байланыс нөміріне хабарласуға болады: +7(7172) 24-80-15, +7 (771) 850 1990, e-mail: a.moldabayeva@sk-trust.kz Бас менеджер Айжан Молдабаева